2027 жылы АЕК өседі, бірақ барлық жәрдемақы көбеймейді: Қандай төлемдер бұрынғы көрсеткішпен қалады?

АЕК 4 693 теңгеге өседі, бірақ кейбір жәрдемақылар бұрынғы көрсеткішпен есептеледі

7 Қыркүйек 2026, 12:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 7 Қыркүйек 2026, 12:35
7 Қыркүйек 2026, 12:35
250
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 693 теңгеге дейін өседі. Алайда барлық әлеуметтік жәрдемақы жаңа АЕК-пен есептелмейді. Кейбір төлемдерді есептеу үшін бұрынғы 4 325 теңгелік көрсеткіш қолданылмақ.

Бұған дейін Ашық НҚА сайтында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қоғам талқылауына жарияланған болатын.

BAQ.KZ тілшісі 2027 жылы қандай әлеуметтік төлемдерге жаңа АЕК қолданылмайтынын анықтап көрді.

АЕК 4 693 теңгеге өседі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 693 теңге болып белгіленеді.

АЕК-тің өсуі айыппұлдар, мемлекеттік баждар және АЕК-ке байланысты бірқатар төлемдердің мөлшеріне әсер етеді.

Алайда 2027 жылғы республикалық бюджет туралы құжатта кейбір әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу үшін жалпы АЕК емес, 4 325 теңге мөлшеріндегі көрсеткішті қолдану көзделген.

Яғни, жалпы АЕК 4 693 теңгеге өссе де, жекелеген әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу кезінде бұл көрсеткіш қолданылмайды.

Қандай төлемдерге 4 325 теңгелік АЕК қолданылады?

Құжатқа сәйкес, 4 325 теңге мөлшеріндегі АЕК Әлеуметтік кодекстің 10-бабы 1-тармағының 1), 6) және 9) тармақшаларында көрсетілген әлеуметтік қорғау шараларын есептеу кезінде қолданылады.

Бұл санаттарға:

  • балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау;
  • азаматтардың жекелеген санаттарына төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • жерлеуге арналған біржолғы төлемдер жатады.

Сонымен қатар 4 325 теңгелік АЕК жер асты және ашық кен жұмыстарында, сондай-ақ еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды есептеу кезінде де қолданылады.

Бұдан бөлек, бұл көрсеткіш өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты жекелеген төлемдерді есептеу үшін де белгіленген.

Кейбір жәрдемақылар бұрынғы күнкөріс деңгейімен есептеледі

2027 жылы жалпы ең төмен күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болып белгіленбек.

Алайда Әлеуметтік кодекстің 10-бабы 1-тармағының 5), 6-1) және 8) тармақшаларында көрсетілген әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу үшін 50 851 теңге мөлшеріндегі көрсеткіш қолданылатыны жазылған.

Бұл санаттарға:

  • мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
  • еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау;
  • асыраушысынан айырылған адамдарды әлеуметтік қорғау жатады.

Яғни, бұл төлемдерді есептеу кезінде 2027 жылы белгіленетін 55 173 теңгелік жаңа ең төмен күнкөріс деңгейі емес, 50 851 теңгелік көрсеткіш қолданылады.

Сонда 2027 жылы не өзгереді?

Қысқаша айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда бірнеше түрлі есептік көрсеткіш қатар қолданылады:

  • жалпы АЕК – 4 693 теңге;
  • кейбір әлеуметтік жәрдемақылар үшін АЕК – 4 325 теңге;
  • жалпы ең төмен күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге;
  • жекелеген әлеуметтік төлемдер үшін күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.

Осыған байланысты 2027 жылы АЕК 4 693 теңгеге өссе де, барлық әлеуметтік жәрдемақы автоматты түрде жаңа көрсеткішпен есептелмейді.

Тағы оқи отырыңыз:

2027 жылы ең төменгі жалақы, зейнетақы және АЕК қанша болады?

 

Наверх