Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында нөсер жауын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, бірнеше аумақты су басты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, су деңгейінің көтерілуі салдарынан Түрген – Ассы автожолының 25-шақырымын су басқан. Сондай-ақ Түрген өзенінің бойындағы 6-9 шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағының маңын су шайған. Бұдан бөлек, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінген.
Тексеру барысында Үлкен Алматы каналы (БАК) бойындағы автожолдың 54-шақырымындағы көпірдің су өткізу құрылғысының айналасындағы топырақтың шайылып жатқаны анықталған. Айта кетейік, көпір 2024 жылы апатты деп танылған.
Оқиғаны үйлестіру үшін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің қатысуымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына аумақтық бөлімшелердің, полицияның, төтенше жағдайлар қызметінің және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кірді.
Қазір туристік нысандар мен демалыс аймақтарында болған туристерді эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Билік жағдайдың бақылауда екенін айтып, су тасқынының салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, 1 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.
Артынша Алматы қаласының тұрғыны Елизавета ЛарченкоBAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.
Сонымен қатар, нөсер жаңбырдың салдары Алматы облысына да тиді. Редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары келіп түсті.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыда сел қаупі бақылауда, өзендердегі су деңгейі тұрақты.