Алматының бір ауданында сел қаупіне байланысты тұрғындар эвакуацияланып жатыр

Тұрғындар мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр.

 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 14:18
Бүгiн 2026, 14:18
256
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылуда. 

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы жұмылдырылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылған. Қазіргі уақытқа дейін оған 4 қоңырау түскен.

Ведомствоның хабарлауынша, барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес, болжанып отырған нөсер жауын-шашынға байланысты таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталып отыр.

ТЖМ, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде, құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын.

Өз қауіпсіздігіңіз үшін ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы тауларына барудан және демалыстан уақытша бас тартуды қатаң түрде ұсынамыз, - делінген хабарламада. 

Халықты жедел хабардар ету мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл – тұрғындарға ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы. ТЖМ сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұрады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх