"Дәрі-дәрмек, құжаттарды дайындап қойдық": Алматылық тұрғын селге қатысты жағдай туралы

2015 жылы 23 шілдеге қараған түні Алматының Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында қатты сел жүрген болатын.

Бүгiн 2026, 15:51
АВТОР
 ©Threads/Lefugia Бүгiн 2026, 15:51
Бүгiн 2026, 15:51
154
Фото: ©Threads/Lefugia

Алматы қаласының тұрғыны Елизавета Ларченко BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді. Оның сөзінше, бүгін түске қарай тұрғындарға дауыс зорайтқыш арқылы эвакуацияға дайындалу жөнінде ескерту жасалған.

Тұрғындарға алдын ала ескерту жасалды

Елизаветаның айтуынша, шамамен күндізгі сағат 13:00-де көшеде дауыс зорайтқыш арқылы аудан тұрғындарына эвакуация жоспарланып отырғаны хабарланған.

Бізге дәрі қобдишасын, жеке құжаттарды және шұғыл жағдайда қажет болатын заттарды алдын ала дайындап қою керектігі ескертілді. Кез келген уақытта эвакуациялануға дайын болуымыз керек, – дейді ол.

Елизаветаның жұбайы үйлерінен шамамен 50 метр жерде Қарғалы өзені орналасқанын айтты. Оның сөзінше, жоғары жақта Ақсай бөгеті, Құрымыс және Чапаев бөгеттері бар.

Қазір бәрі тыныш. Өзенге барып көрдік. Су деңгейі қатты көтерілмеген, арнасының шамамен жартысына дейін ғана толған. Бірақ суы қара әрі лайлы. 2015 жылғы сел кезінде де осы жерде болғанмын. Ол кезде жағдай әлдеқайда ауыр еді, су ағыны әлдеқайда күшті болған. Қазір әзірге бәрі тыныш, – деді ол.

Ақсай өзені маңында эвакуация басталған

Оның айтуынша, Қаскелең бағытына қарай орналасқан Ақсай өзені маңында көлік кептелісі байқалады.

2GIS картасынан қарасақ, ол жақта үлкен кептеліс бар. Бәлкім, сол ауданда эвакуация басталған болуы мүмкін. Біздің тұрғындар чатында да үйіміз биіктеу жерде орналасқандықтан, бәрі жақсы болады деген пікірлер жазылып жатыр, – деді тұрғын.

«2015 жылғы жағдайдың қайталанбағанын қалаймыз»

Тұрғындардың айтуынша, олар сақтық шарасы ретінде қажетті заттарын алдын ала жинап қойған.

Дәрі-дәрмек, ауыстыратын киім, powerbank, ақша мен құжаттарды дайындап қойдық. Мұның бәрі сақтық үшін. 2015 жылғы селдің қандай болғанын жақсы білеміз. Ондай жағдайдың қайта қайталанбағанын қалаймыз, – деді Алматы тұрғыны.

Айта кетейік, 2015 жылы 23 шілдеге қараған түні Алматының Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында қатты сел жүрген болатын. Табиғи апатқа Қарғалы өзені бассейніндегі мұздық көлдің жарылуы себеп болып, лай мен тас аралас су елді мекендерге қарай аққан. Салдарынан мыңнан астам адам эвакуацияланып, 450-ден астам тұрғын үйге зақым келген, ресми мәлімет бойынша адам шығыны тіркелмеген. Кейін қалада апатты жою жұмыстары жүргізіліп, селден қорғау инфрақұрылымын күшейту шаралары қолға алынған болатын. 

Әкімдік не дейді?

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Наурызбай ауданындағы жағдай жіті бақылауда. Ауданда су басу фактілері тіркелмеген, тұрғындарды эвакуациялау жүргізілмеген. 

Уақытша орналастыру пункттерін дайындау – ықтимал қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмдеріне сәйкес қабылданған алдын алу шарасы ғана. Хабарлау жүйесі іске қосылғанымен, уақытша орналастыру пункттеріне тұрғындар жүгінбеген.

Қалалық қызметтер Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп тәулік бойы жағдайды бақылап, Ақсай өзені бассейніндегі ахуалды қадағалап отыр. Тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпаратқа сүйенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз. Жағдай өзгерген жағдайда тұрғындарға ресми байланыс арналары арқылы жедел ақпарат беріледі, - дейді әкімдік хабарламасында.

Еске салайық, бүгін Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр. 

Наверх