Нөсер жаңбырдың салдары Алматы облысына да тиді. Редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Видеолардың бірі Алматы облысына кіретін Алтын орда базарының маңында түсірілген. Онда су деңгейі бірнеше сантиметрге көтерілгенін, көшеде тұрған көліктерді су баса бастағанын көруге болады.
Редакцияға келген видео кадры
Бұл хабарлама шамамен бір жарым сағат аралығында түсірілген. Көріп тұрғандарыңыздай, су деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл – «Алтын Орда» базарының қарсы беті, «Барлық» базары жақ. Арт жағында өзен ағып жатыр ғой. Су деңгейі көтерілгені соншалық, сонда тұрған дүкенінің алдына дейін жайылып, су басып қалған. Өзен қатты тасып, арнасы асау болып жатыр. Қорқынышты жағдай. Қазір су деңгейі жағалаудың жиегіне дейін көтеріліп қалған, - дейді жергілікті тұрғын.
Оның сөзінше, жалпы, таудан ағатын өзендердің бәрінде су деңгейі қатты көтерілген деп айтып жатыр. Әсіресе қала арқылы өтетін өзендердің бәрі арнасынан асып тұр.
Мүмкін, елді мекеннен біршама алыс орналасқан жерлерге әсер етпеген шығар. Сондықтан су деңгейі саяжайларды басып кететіндей дәрежеге дейін көтеріле қоймас деп ойлаймын, - дейді тұрғын.
Жергілікті тұрғынның сөзінше, басты қауіп – бөгет жарылып кетуі мүмкін деген әңгіме.
Мамандар мореналық көлдердегі суды алдын ала ағызуы керек еді. Бірақ қазір сол мореналық көлдердің өзі де лық толып тұр. Бөгеттердің жағдайы да өте қауіпті деңгейге жеткен. Ал өзендердің өздері тасып жатқандықтан, олардағы суды да төменге жіберу мүмкін болмай қалған, - дейді тұрғын.
Редакцияға келген тағы бір видеодан жекеменшік үйдің қасын да лай су тасып жатқанын көруге болады.
Редакцияға келген видео кадры
Алматы облысындағы Есік қаласындағы өзен суы да тасып, лай батпаққа толған.
Редакцияға келген видео кадры
Еске салайық, бүгін Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.
Артынша Алматы қаласының тұрғыны Елизавета ЛарченкоBAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.
Алматы ТЖД мәліметінше, Ақсай өзенінде қауіп жоқ, жағдай бақылауда.