Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы келтірілген залал толық өтелгенін ескеріп, айыпталушыларға жаза тағайындауды және бірқатарын шартты немесе кейінге қалдыруды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев Эльмира Төлегеноваға жаза тағайындау туралы ұсынысын жариялады.
Төлегеноваға ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу, ал 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз, – деді прокурор.
Оның айтуынша, ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу ұсынылды.
Сонымен қатар прокурор ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес аталған жазаны 2 жылға кейінге қалдыруды сұрады.
Егер сотталушы бала тәрбиесінен жалтарса немесе қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзса, жазаны өтеуді кейінге қалдыру күшін жою мәселесі қаралуы мүмкін, – деп түсіндірді мемлекеттік айыптаушы.
Сондай-ақ прокурор Төлегенованы үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелуге міндеттеуді, ал оның мінез-құлқына бақылауды тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктеуді ұсынды.
Бұдан бөлек, айыптаушы соттан мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеуді сұрады. Атап айтқанда, iPhone 16 телефондары және Hyundai Elantra автокөліктері тәркілеуге жатады.
Ал Lamborghini Urus пен Lexus RX 600 көліктеріне салынған тыйымды үкім заңды күшіне енгеннен кейін алып тастап, иелеріне қайтару ұсынылды.
Бұған дейінгі, яғни 2026 жылғы 24 сәуірде өткен сот отырысында блогер Эльмира Төлегенова прокурормен процессуалдық келісім жасауға келісті.
Еске салсақ, кешегі, яғни 2026 жылғы 22 сәуірде өткен сот отырысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан жауап алып, ақша қозғалысы мен банк шоттарына қол жеткізуге қатысты айыптау уәждеріне күмән келтірді.
Жанабылов ісінде 100 млн теңге қаржы қалай жұмсалғаны айтылды.
2026 жылғы 22 сәуірде өткен сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы оларға мүлкін тәркілеумен қатар нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сондай-ақ, прокурор Олжас Хайруллаев Жанабыловтар ісі блогерлерге сабақ болуы тиіс екенін айтты.
Тергеуші Жанабыловқа жала жабу бабы бойынша іс қозғауы мүмкін екенін ескертті.
Тағы оқи отырыңыздар: Прокурор Жанабыловтармен қандай келісімге келді?