100 млн теңге: Жанабылов ісінде қаржы қалай жұмсалғаны айтылды

Тергеу нұсқасы бойынша қаржының қалай жұмсалғаны түсіндірілді.

 ©BAQ.KZ/Олжас Адай Бүгiн 2026, 16:10
Бүгiн 2026, 16:10
129
Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысы барысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан оларды Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшылығының кабинеттеріне қандай мақсатпен апарғанын сұрады. 

Тергеуші бұл сұраққа жауап бере отырып, тергеу барысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары амнистия қолдану мүмкіндігін бірнеше рет көтергенін айтты.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде олар да, адвокаттары да амнистия актісін қолдануды сұрап келді. Бұл іс материалдарында бар, – деді Абзал Әлімханов.

Оның айтуынша, қолданыстағы заң талаптарына байланысты амнистияны қолдану мүмкін болмаған.

Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы бар. Соған сәйкес, келтірілген залал толық өтелмейінше, амнистия қолдануға болмайды, – деп түсіндірді тергеуші.

Сондай-ақ ол тергеу нұсқасы бойынша қаржының қалай жұмсалғанын айтты.

100 миллион теңгеге Hyundai Elantra автокөлігі сатып алынған, 10 миллион теңгеге ұялы телефондар алынған, 8 миллион теңге әкімшілік іс бойынша қатысқан адвокатқа төленген, – деді Абзал Әлімханов.

Тергеушінің сөзінше, есептеу нәтижесінде белгілі бір сома қалған.

Қорытындысында шамамен 50-60 миллион теңге қалған. Олар мұны «таза табысымыз» деп атады. Егер қабылдасаңыздар, бұл соманы өтеп, Қазақстан халқынан жария түрде кешірім сұрауға дайынбыз деген, – деді ол.

Абзал Әлімхановтың айтуынша, кейін айыпталушылар жоғары тұрған органға да жүгінген.

Олар өздері жоғары тұрған инстанцияға баруды сұрады. Ол жерде де Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы көрсетілді, – деп атап өтті тергеуші.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова "Біз заң бұзғанымызды мойындаймыз" деді. Даулы мәлімдеме жасап,  істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх