Жанабыловтар ісі блогерлерге сабақ болуы тиіс – прокурор

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөздері басталды.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:08
Бүгiн 2026, 17:08
109
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Айыптау тарапының атынан прокурор Олжас Хайруллаев сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, істі толық әрі жан-жақты қарау үшін сот барлық жағдайды жасаған, ал Қылмыстық-процестік кодекстің 24-бабының талаптары толық сақталған.

Прокурор сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі «жеңіл табыс» идеясын насихаттайтын агрессивті жарнама азаматтарға жалған түсінік қалыптастыратыны туралы пікірінен бастады.

Бұл – жай ғана қылмыстық іс емес, прецедент қалыптастыратын іс. Бүгінде әлеуметтік желі белгісіз аудиторияға ықпал ететін қуатты құралға айналды. Егер ол жеке пайда үшін пайдаланылса, алдау, адастыру және экономикалық қылмыстар жасау құралына айналуы мүмкін, – деді Хайруллаев.

Оның пікірінше, көпшілікке танымал тұлғалар әрбір айтқан сөзіне жауапкершілікпен қарауы тиіс, ал аудиторияның сенімін жеке пайда үшін пайдалану – жол берілмейтін әрекет.

Осы істен кейін осындай ұтыс ойындарын ұйымдастыруды көздейтіндер жүз рет ойланады деп сенемін. Мемлекет енді мұндай фактілерге көз жұма қарамайды, – деді прокурор.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Жанабылов пен Төлегенова 2025 жылғы 21 тамызда 10 дана Hyundai Elantra автокөлігін және өзге де бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Оған қатысу үшін азаматтар құны 30 мың теңге болатын оқу курстарын сатып алуы тиіс болған.

Тергеу дерегінше, жеңімпаздар «сәттілік барабаны» жүйесі арқылы анықталған. Сонымен қатар айыптау тарапы сотталушылар түскен қаражаттан жүйелі түрде табыс тапқанын алға тартады.

Прокурордың айтуынша, айыпталушыларға ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемде табыс табумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деректері бойынша айып тағылған.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Жанабылов пен Төлегенова кінәні ішінара мойындағанын, нақтырақ айтқанда заңсыз кәсіпкерлік эпизоды бойынша келісетінін, алайда жауапкершілікті басқа тұлғаларға жүктеуге тырысқанын атап өтті.

Кінәні ішінара мойындағанына қарамастан, сотталушылар өздерін жағдайдың құрбаны ретінде көрсетуге тырысады. Алайда дәлелдерді талдау олардың әрқайсысының тағылған айыптар бойынша кінәсі бар екенін көрсетеді, – деді прокурор.

Жарыссөз барысында айыптау тарапы куәгерлердің, оның ішінде блогерлер мен IT-маман Сұңғат Өтебулатовтың айғақтарына сүйенді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жобаның техникалық сүйемелдеуін жүргізіп, ұтыс жүйесін әзірлеген.

Іс бойынша сот жарыссөздері жалғасып жатыр.

Бұған дейін прокурор Жанабылов пен Төлегеноваға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова "Біз заң бұзғанымызды мойындаймыз" деді. Даулы мәлімдеме жасап,  істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.

Наверх