Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің тергеушісі Абзал Әлімханов куә ретінде шақырылды. Ол бұған дейін блогерлерден тергеу барысында жауап алған.
Еске сала кетейік, алдыңғы сот отырысында сотталушылар тергеу тарабы өздеріне қысым жасағанын мәлімдеген.
Сот барысында тергеуші Әлімханов бұл мәлімдемені жоққа шығарып, оның ойдан шығарылғанын айтты. Сондай-ақ ол қылмыстық кодекстің «жала жабу» бабы бойынша сотталушы Ерболат Жанабыловқа қатысты арыздана алатынын ескертті.
Сотта Жанабылов қысым көрсету фактісі туралы мәлімдеме жасады. Алайда тергеуде қысым жасалған емес. Бұл ойдан шығарылған уәж. Осыған байланысты қылмыстық істі жүргізген тұлғаға жала жабу (Қылмыстық кодекстің 411-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғау туралы тиісті органға жүгіну құқығымды өзімде қалдырамын, – деді куә Әлімханов.
Бұған дейінгі, яғни 2026 жылғы 14 сәуірде өткен сот процесінде келесі отырысқа тергеуші Абзал Әлімханов шақырылатыны белгілі болды.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан жауап алып, ақша қозғалысы мен банк шоттарына қол жеткізуге қатысты айыптау уәждеріне күмән келтірді.
Жанабылов ісінде 100 млн теңге қаржы қалай жұмсалғаны айтылды.
Бүгінгі сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы оларға мүлкін тәркілеумен қатар нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сондай-ақ, прокурор Олжас Хайруллаев Жанабыловтар ісі блогерлерге сабақ болуы тиіс екенін айтты.