Үкіметтік комиссия қаза тапқан әскери қызметшілер отбасыларына көмек бөлінуін бақылауда ұстауда

25 Қыркүйек 2026, 20:10
АВТОР
 Маңғыстау облысы әкімдігі 25 Қыркүйек 2026, 20:10
25 Қыркүйек 2026, 20:10
104
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтау қаласында Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына әкеп соққан төтенше жағдайдың себептерін тергеу және салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Отырыс барысында орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары тергеу шараларының барысы, сондай-ақ қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары туралы баяндама жасады.

Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов баяндады. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

— Бүгінгі таңда қылмыстық іс аясында бес лауазымды тұлғаның күдікті ретіндегі мәртебесі процессуалдық тұрғыда рәсімделіп, олар Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар. Тергеу және процессуалдық шаралар толық көлемде жалғасып жатыр, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, күдіктілердің толық құрамы түпкілікті анықталады, — деді Санжар Әділов.

Отырысты қорытындылай келе, Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекет қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету жөніндегі барлық міндеттемені толық көлемде өз мойнына алатынын атап өтті. Заңда көзделген кепілді төлемдер кідіріссіз жүзеге асырылады. Әр отбасыға тұрақты түрде атаулы қолдау көрсету үшін жауапты мамандар бекітіледі.

Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне, Құрылтай депутаттарына, саяси партияларға, кәсіпкерлерге, меценаттарға және барлық жанашыр азаматтарға көрсеткен ынтымақтастығы үшін алғыс айтылды. Азаматтық бастаманың арқасында арнайы қорға қажетті қаражат жинақталды. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы аяқталды деп жарияланды.

Қор қаражатын отбасыларға және зардап шеккендерге ашық, атаулы әрі әділ бөлу мақсатында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіповтің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды.

Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнату тапсырылды.

Тергеу барысы мен жан-жақты көмек көрсету жұмыстары Үкіметтік комиссияның бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия Қазақстанға көңіл айтты. 

Айта кетейік, кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты. 

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасына байланысты күдікке ілінген тұлғалар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. 

Наверх