Дәрігерге жазылу: Емханаларға жаңа талап қойылды

24 Қыркүйек 2026, 13:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 24 Қыркүйек 2026, 13:35
24 Қыркүйек 2026, 13:35
200
Фото: ©BAQ.KZ архиві

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазан айынан бастап өңірлерде МСАК ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жүргізіледі, ал учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға жазылу мүмкіндігі әр екі апта сайын мониторингтен өтеді.

Дәрігерге кедергісіз қалай жазылуға болады?

Кеңесте Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы пациенттің ешқандай артық ұйымдастырушылық кедергісіз дәрігерге жазылып, қажетті медициналық көмек алуына нақты мүмкіндігі болуы тиіс екенін атап өтті.

«Егер адам емханаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы қалай айтуға болады? Бұл – жергілікті жерде қамтамасыз етілуге тиіс базалық мәселелер», – деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияздың хабарлауынша жүргізілген талдау барысында пациенттердің учаскелік дәрігерлерге де, бейінді мамандарға да өз бетінше жазылуына қатысты шектеулер анықталған.

Дәрігерге жазылуда қандай шектеу бар?

Бірқатар медициналық ұйымдарда қабылдау кестелері қалыптастырылғанымен, пациенттердің өз бетінше қабылдауға жазылу мүмкіндігі әлі де шектеулі болып отыр.

«Проблема тек қабылдау кестелерінің болуында емес пациенттің қабылдауға өз бетінше жазыла алу мүмкіндігінде. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға тиісті ұсынымдар жіберіледі», – деді Комитет төрайымы.

Министр денсаулық сақтау басқармаларына медициналық көмектің қолжетімділігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Науқас емханада барлық ақпаратты алуы тиіс

«Халыққа онлайн да, офлайн да қолжетімді болу қажет. Адам емханаға келіп, өзіне қажетті барлық ақпаратты алуы тиіс. Дәрігерге жазылу мүмкіндігін қамтамасыз ету – жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысы», – деп атап өтті ол.

Қазан айынан бастап аумақтық бөлімшелер мен бейінді департаменттер МСАК ұйымдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігіне кешенді талдау жүргізе бастайды. Тексеру тек дәрігерлерге жазылу мүмкіндігімен шектелмей, медициналық көмекті ұйымдастырудың жалпы мәселелерін де қамтиды.

Наверх