Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша екі шетел азаматын іздеуге жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Агенттік мәліметінше, іздеуде:
• Дмитры Дружинскы, 1970 жылғы 27 маусымда туған, АҚШ азаматы;
• Марина Левкович (Гинзбург), 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы.
.jpeg)
Сот санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Тергеу барысында «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден әрекет еткен өзара байланысы бар компаниялар желісі арқылы ұйымдасқан топ басқарғаны анықталған. Күдіктілер координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құруға қатысқан, - делінген ҚМА хабарламасында.

Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған «Бонами» ЖШС құрылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары қызметін атқарған «Gold Pay» ЖШС және «Cyber Pay» ЖШС (кейіннен – «Pinnacle Financial Solutions» ЖШС) қоса алғанда, төлем ұйымдарының желісі тіркелген.
Тергеу деректеріне сәйкес, онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысы компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда, келесі телефон арқылы хабарласуды сұрайды:
+7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім.