Тоқаев: Ешкім заңнан тыс қалуға құқылы емес – бұл менің берік ұстанымым

 Ақорданың баспасөз қызметі 13 Қараша 2026, 15:21
13 Қараша 2026, 15:21
105
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмыс сапасын арттыру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.

Бұл туралы Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жоғары лауазым иелену үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, қоғамда ешкімнің заңнан жоғары тұрмауы керектігін айтты.

Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттардың қайта қаралғанын айтып, оларға қол қою қате шешім болғанын жеткізді. Дегенмен биліктің кәсіпкерлерге кедергі келтіру ниеті жоқ екенін, керісінше, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Осы ретте Президент келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды.

Елімізде біртіндеп орнығып жатқан «Заң мен Тәртіп» құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолының» жұмысы жемқорлыққа қарсы күреске байланысты тоқтап қалмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған ұйымдар мен оларға қарасты мекемелер қалыпты режимде жұмысын жалғастыра береді.

Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік компанияларға деген инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырып, олардың қызметін барынша тиімді әрі ашық етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Президент заңсыз иемденілген активтерді қайтару жұмысының нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын активті мемлекетке қайтарған. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған.

Қазіргі таңда 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып бітті. Жұмыс жалғаса береді, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев салынып жатқан нысандардың сапасына, әсіресе жол құрылысына бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, кейбір нысандардың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар жиі кездеседі.

Мемлекет басшысы мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары осы сектордың ең осал тұстарының бірі екенін атап өтті.

Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін, – деп тапсырды Президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Тағы оқи отырыңыз: Президент: Конституцияны, оның негізгі ережелерін менсінбеу – халықты кемсітумен тең 

Президент: Заң мен сот алдында бәрі тең, «өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлуге жол берілмейді 

Наверх