Президент: Конституцияны, оның негізгі ережелерін менсінбеу – халықты кемсітумен тең

Президент негізгі заңды құрметтемеу мәселесіне ерекше тоқталды. Ол мұны мемлекеттің абыройы мен халықаралық беделіне қалай байланыстырды?

 Ақорданың баспасөз қызметі 13 Қараша 2026, 15:06
13 Қараша 2026, 15:06
198
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандарға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Конституцияны күлкі ету мен оның талаптарын менсінбеу халықты кемсітумен тең екенін айтты. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.

Президенттің айтуынша, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, халықтың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан оның қағидаттарын құрметтеу – әр азаматтың міндеті.

Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет абыройын сақтау, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімін нығайту және Қазақстанның халықаралық беделін қорғау маңызды екенін атап өтті.

Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінде «Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасындағы стратегиялық рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, қор еліміздің маңызды активтерін басқарып қана қоймай, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар шетелдік ірі компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыс орнатқан.

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықаралық серіктестіктер мен инвестициялық келісімдердің артында ұзақ мерзімді келіссөздер, мемлекетаралық сенім және Қазақстанның мойнына алған міндеттемелері тұрғанын жеткізді.

Осылайша, Мемлекет басшысы елдің құқықтық тәртібі мен халықаралық беделін сақтау мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалар үшін ортақ міндет екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Наверх