Тоқаев асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақысын 14,5% көбейтуді тапсырды

29 Наурыз 2023, 10:54
1651
Бөлісу:
Тоқаев асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақысын 14,5% көбейтуді тапсырды
Фото: inbusiness.kz

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Парламент сессиясының отырысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне тоқталып өтті. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. 

Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, бұл мәселені биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. 

Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс. Дегенмен кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды, - деді ол.

Сонымен қатар Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. 

Тоқаев Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Еске салайық, осыған дейін Президент депутаттарға жүктелетін міндетті атады. Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлеріне де үндеу жасады.

Өзгелердің жаңалығы