Иран Бахрейндегі АҚШ әскери базасына дрондармен шабуыл жасады

Алайда Бахрейн әскери күштері елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері ирандық дрондарды нысанаға жетпей тұрып ұстап, жойғанын мәлімдеді.

 AP Photo / Sepahnews 16 Қараша 2026, 00:30
16 Қараша 2026, 00:30
125
Фото: AP Photo / Sepahnews

Иран жексенбі күні Бахрейн аумағындағы АҚШ әскери базасына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады. Бұл – соңғы үш күндегі осындай екінші әрекет. Бұл туралы BBC хабарлады.

Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) мәлімдеуінше, алты дрон Әл-Риффа әуе базасындағы АҚШ-тың әуе қорғанысына арналған радиолокациялық жүйесін нысанаға алған.

Алайда Бахрейн әскери күштері елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері ирандық дрондарды нысанаға жетпей тұрып ұстап, жойғанын мәлімдеді.

Бұған дейін, жұма күні де Иран Бахрейнге дрондармен шабуыл жасаған. АҚШ әскери күштері сол кезде Иран ұшырған екі соққы беретін дронның да атып түсірілгенін, зардап шеккендер мен материалдық шығын болмағанын хабарлаған.

Жексенбі күні Бахрейнде әуе дабылы қосылып, Ішкі істер министрлігі тұрғындарды жақын маңдағы қауіпсіз орындарға баруға шақырды. Ал елдің Сыртқы істер министрлігі Иранның шабуылдарын айыптап, оның салдары үшін Тегеранды жауапты деп мәлімдеді.

Қазіргі шиеленістің негізгі себептерінің бірі – Ормуз бұғазына бақылау орнату мәселесі. Бұл теңіз жолы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтеді. Ақпан айында соғыс басталғалы бері бұғаздағы кеме қатынасы шектелген.

Иран бұғаздағы қозғалысты бақылауға алуға ұмтылса, АҚШ әскери күштері Парсы шығанағы елдерінен экспортты жалғастыру үшін мұнай тасымалдайтын танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.

BBC мәліметінше, Иран мен АҚШ бұған дейін соғысты тоқтату және бұғазды қайта ашу жөнінде алдын ала келісімге келгенімен, ол бірнеше аптадан кейін бұзылған. Қазір тараптар арасындағы келіссөздердің қайта жандану мүмкіндігі әзірге белгісіз.

Наверх