Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлеріне үндеу жасады

29 Наурыз 2023, 10:44
763
Бөлісу:
Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлеріне үндеу жасады
Фото: 24.kz

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сөзінше, басты міндеттердің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет. 

Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет, - деп үндеу жасады Мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс екеніне баса назар аударды. 

Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, - деді Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Қазақстанды дамыту үшін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы