Алматыда Қытай азаматтары көбейді: Экономикалық үрдіс пе, әлде саяси сигнал ма?

Сарапшы Алматыда расымен Қытай азаматтарының көптеп келуі бұрынғыдан анық байқала бастағанын айтады.  

Бүгiн 2026, 15:34
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 15:34
Бүгiн 2026, 15:34
283
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Кейінгі жылдары алматылықтар қалада Қытай азаматтарының көптеп жүргенін байқай бастаған. Тіпті қаладағы Ақкент шағын ауданын халық China town деп атап кеткен. Себебі ауданда Қытай азаматтары көп, әрі қытайлық дүкендер мен мейрамханалар көп. 

China town аталып кеткен шағынаудан. Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Статистика 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанға көшіп келген қытайлықтар саны өсіп, 2025 жылы соңғы сегіз жылдағы рекордтық деңгейге жеткен. Өткен жылы елге шамамен 2,6 мың қытайлық тұрақты тұру үшін келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 29% көп.

Қоныс аударушылардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларын таңдаған.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Жалпы 2025 жылы Қазақстанға 23,7 мың адам келіп, 7,6 мың адам елден кеткен. Нәтижесінде көші-қонның оң сальдосы 16 мыңнан асты.

Сарапшы пікірі

Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-консультанты, Қазақстандық қоғамдық даму институты, түркітану бойынша PhD-кандидат Камила Амуртаева Алматыда расымен Қытай азаматтарының көптеп келуі бұрынғыдан анық байқала бастағанын айтады.  

Бірақ оны асыра бағаламай, байыппен қарау маңызды. Алматы бүгінде елдің ең ірі іскерлік, білім беру, сауда және туристік орталығы саналады. Сондықтан дәл осы қалада шетел азаматтарының көп болуы көзге бірден түседі, - дейді сарапшы. 

Оның сөзінше, Қытай азаматтарының көбеюі тек еңбек миграциясымен байланысты емес. 

Бұған туризм, іссапарлар, білім алу, сауда байланыстары мен мамандардың қоныс аударуы да әсер етеді. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанға Қытайдан 655 мың турист келген. Ал Алматының өзі 2025 жылдың алғашқы жартысында 323,5 мың шетелдік қонақты қабылдаған. Сондықтан бұл жерде мәселе жаппай қоныс аударуда емес, туризмнің, визасыз режимнің және іскерлік белсенділіктің артуында болуы мүмкін. Бұған қоса, 2025 жылы Қытайдан Қазақстанға тұрақты тұруға 7405 адам келген. Олардың барлығы – қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар. Қоғамда көбіне әртүрлі санаттағы адамдар бір топ ретінде қабылданып кетеді. Сондықтан мен мұны саясиланған мағынадағы «жаппай ағылу» деп бағаламас едім, - дейді Камила Амуртаева.

Сарапшының сөзінше, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық, көлік, білім беру және технологиялық байланыстардың тереңдеуінің көрінісі. 

Ал Алматыда бұл құбылыс айқынырақ байқалады, өйткені қалада қызмет көрсету саласы, баспана нарығы, университеттер, бизнес орта мен халықаралық бағыттар шоғырланған, - дейді маман. 

Камила Амуртаева соңғы жылдары Қытай азаматтары мен бизнесінің Қазақстанға қызығушылығы неге артқанын түсіндірді. Оның сөзінше, мұнда бірнеше фактор қатар әсер етеді. Ең алдымен, Қазақстан Қытай үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктестердің бірі. 

Бұған екі ел арасындағы 1700 шақырымнан асатын ортақ шекара және Қазақстанның Қытай, Ресей, Еуропа, Кавказ бен Таяу Шығысты байланыстыратын транзиттік рөлі себеп. Қазақстан арқылы Еуразия саудасының негізгі құрлық бағыттары өтеді. Сондықтан ел Қытай бизнесі мен Бейжіңнің ұзақмерзімді сыртқы экономикалық бастамалары үшін стратегиялық маңызға ие, - дейді сарапшы. 

Сарапшы соңғы жылдары Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы күшейгенін атап өтті. Бұл бағыт Қытайға логистикалық тізбектерін әртараптандыруға, жеке маршруттарға тәуелділікті азайтуға және Еуропа нарығына тұрақты шығуға мүмкіндік береді.

Аймақтық геосаяси жағдай да маңызды. Орталық Азия бүгінде ірі державалардың назарындағы өңірге айналды. «Қытай – Орталық Азия», «ЕО – Орталық Азия», АҚШ қатысатын «С5+1» форматтары дамып келеді, Түркия мен Парсы шығанағы елдерінің ықпалы да күшейіп жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан өңірдегі ең ірі экономика әрі маңызды транзиттік хаб ретінде қытайлық инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналып отыр, - дейді ол. 

Камила Амуртаеваның сөзінше, мұнда Қазақстанның көпвекторлы саясаты да рөл ойнайды. 

Қытай үшін Қазақстан – Қытаймен, Ресеймен, Еуроодақпен, АҚШ-пен және Түркиямен қатар байланысын тең ұстап отырған тұрақты серіктес. Қазіргі халықаралық белгісіздік жағдайында мұндай тұрақтылық ұзақмерзімді жобалар үшін өте маңызды. Экономикалық фактор да айқын байқалады. Қытай қазір Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экспортының 19,5%-ы, ал импорттың 29%-ы Қытайға тиесілі болды, - дейді маман. 

Технологиялық фактор да күшейіп келеді. Қытай жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, телекоммуникация, e-commerce және финтех бағыттарында әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектіні стратегиялық бағыт ретінде белгілеп отыр.

Сондықтан Қытай компанияларының қызығушылығы құрылыс пен саудамен ғана шектелмей, IT, деректер талдауы, логистика платформалары мен технологиялық консалтингке де ауысып жатыр. Қытай азаматтары мен компанияларының келуін тек миграциялық құбылыс ретінде емес, Еуразия кеңістігіндегі өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастырған жөн, - дейді сарапшы. 

Шетел азаматтарының, оның ішінде Қытай азаматтарының келуі еңбек нарығына, шағын бизнеске және қоғамға қалай әсер етеді?

Камила Амуртаеваның сөзінше, бұл үдерістің оң және теріс қырлары қатар бар.

Экономикалық жағынан шетелдік мамандар мен инвесторлар жаңа сұраныс қалыптастырады, капитал тартады және іскерлік байланысты кеңейтеді. Әсіресе бұл Алматыда анық байқалады. Шетелдіктер санының артуы қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, тұрғын үй жалдау, білім беру және консалтинг қызметтерінің дамуына ықпал етеді, - дейді маман. 

Оның сөзінше, шағын және орта бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Қытай – әлемдегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі әрі электронды сауда мен логистикада көшбасшы. Сондықтан бұл жаңа жеткізу арналары мен технологияларға жол ашады.

Сонымен қатар, сарапшының сөзінше, тәуекелдер де бар. Ең сезімтал мәселе – еңбек нарығы.

Қоғамда шетелдік жұмысшылар жергілікті мамандарды ығыстырады деген пікір бар. Бірақ ресми статистика күрделірек көріністі көрсетеді. Еңбек министрлігінің дерегі бойынша, шетелдік жұмысшылар жалпы нарықтың шағын бөлігін ғана құрайды, ал мұндай компаниялардағы қызметкерлердің 96%-дан астамы – Қазақстан азаматтары, - дейді маман. 

Дегенмен құрылыс, логистика, инженерия және цифрлық технология салаларында жергілікті бәсеке туындауы мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – технология трансфері. Егер шетелдік мамандар тәжірибе мен білім берсе, бұл ұзақмерзімді пайда әкеледі. Ал егер компаниялар жабық модельмен жұмыс істесе, тиімділік төмендейді, - дейді сарапшы. 

Камила Амуртаеваның сөзінше, әлеуметтік әсері де екіжақты. Бір жағынан халықаралық байланыстар мәдени алмасуды күшейтеді. Екінші жағынан, ақпарат тапшылығы қоғамда алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Негізгі мәселе – шетелдіктердің келуінде емес, мемлекеттің бұл процесті қаншалықты тиімді пайдалана алатынында.

Сарапшы Қытай азаматтарының көбеюін белгілі бір дейгейде аймақтық ықпал саясатының бөлігі деп қарастыруға болады. 

Бірақ кез келген өсімді бірден саяси стратегиямен байланыстыру дұрыс емес.Сауда, инвестиция, бірлескен кәсіпорындар мен білім беру жобалары көбейген сайын мамандардың, студенттердің және кәсіпкерлердің қозғалысы да артады. Саяси маңыздылығы – ұзақмерзімді өзара тәуелділіктің қалыптасуында, - дейді сарапшы. 

Бүгінде ықпал тек әскери күшпен емес, экономика, технология, инвестиция және адами байланыстар арқылы қалыптасады.

Сонымен бірге Қазақстанды тек Қытай ықпалының объектісі ретінде қарастыру қате. Ел көпвекторлы саясат ұстанады. Ұзақ мерзімде Қазақстан Қытай мен әлем арасындағы маңызды көпірге айналып келеді. Сондықтан негізгі сұрақ – Қытай ықпалы өседі ме деген емес, Қазақстан осы мүмкіндікті қалай пайдаланады деген мәселе, - дейді Камила Амуртаева. 

Маман Қытаймен байланыстың күшеюі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына қалай әсер ететінін айтты. 

Сыртқы саясатта Қытайдың рөлі арта түседі. Сауда, логистика, энергетика және цифрлық экономика салаларында бұл бағыт маңыздырақ болмақ. Ішкі саясатта еңбек миграциясы, жер мәселесі, технологиялық қауіпсіздік, экология және қоғамдық сенім алдыңғы орынға шығады, - дейді ол. 

Егер мемлекет қоғамға кім келіп жатқанын, қай салада жұмыс істейтінін және оның пайдасын ашық түсіндірсе, әлеуметтік шиеленіс азаяды. Ал ашықтық болмаса, қауесет көбейеді.

Сонымен қатар, сарапшы қоғамдағы Қытайға қатысты алаңдаушылыққа қатысты пікір білдірді. 

Менің ойымша, мұнда әрі нақты қауіптер, әрі стереотиптер бар. Біріншіден, Қытай – әлемдегі екінші экономика. Сондықтан нарықтағы теңгерім, инвестицияның пайдасы және жергілікті бизнестің қорғалуы туралы сұрақтардың тууы заңды. Екіншіден, жер мәселесі, миграция және экология төңірегіндегі бұрынғы пікірталастар қоғам жадында сақталған, - дейді ол. 

Амуртаеваның сөзінше, ақпараттық фактор да маңызды. Қоғам көбіне туристерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, мигранттарды және қандастарды бір категория ретінде қабылдайды.

Мұндай пікірталастар тек Қазақстанда емес, кез келген елде болады. Сондықтан негізгі міндет – ашықтықты арттыру. Ақпарат көбейген сайын қорқыныш азаяды. Жалпы, қазіргі көңіл-күй нақты экономикалық сұрақтар мен тарихи қалыптасқан алаңдаушылықтың араласуынан туындап отыр, - дейді маман. 

Сарапшының сөзінше, бүгінгі негізгі сұрақ – Қазақстанға қанша Қытай азаматы келіп жатқаны емес.

Негізгі мәселе – Қазақстан Еуразиядағы жаңа экономикалық архитектурада қандай рөл атқарғысы келеді? Егер біз логистикалық, технологиялық және қаржылық хаб болуды көздесек, халықаралық мобильділіктің артуы, соның ішінде Қытай мамандары мен инвесторларының келуі – заңды құбылыс. Ең маңыздысы – бұл үдеріс Қазақстанның жаңғыруына және экономикалық дербестігінің күшеюіне жұмыс істеуі керек, - деп түйіндеді Камила Амуртаева. 

Наверх