Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды

7 Желтоқсан 2022, 17:41
1416
Бөлісу:
Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды
PHOTO

Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елордадағы сауда дүкендерін аралап, күріш бағасын тексеріп көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр сауда орындарында күріштің келісі 313 теңгеден 650 теңгеге дейінгі аралықта екенін өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

«Лидер», «Ақ маржан», «Элита» және күріштің басқа да тамаша сорттары өзімізде, көбіне Қызылорда облысында өсіріледі. Біз үйде де осы өзіміздің отандық күрішті тұтынамыз.

Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды

Үкімет отырысында сөйлеген сөзімді қайта түсіндіруге тура келіп тұр. Мен өз баяндамамда күріштің келісі өндіріс орындарында 256 теңге екенін айттым. Тағы да айтамын. Бұл - зауыттардағы баға, - деді Ауылшаруашылығы басшысы.

Оның сөзінше, қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасайтындар қателескен. Содан кейбір БАҚ өкілдері министрді «нарықтағы бағаны білмейді» деп айыптаған секілді. 

Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды

Синхронды аудармашыларға еш кінә артып отырғаным жоқ. Жұмыста болып тұрады, бірақ түсіндіру шарт. Жалпы, соңғы күндері күрішке қатысты алып-қашпа әңгімелер болды. «Кейбір сарапшылар» не айтпады дейсіздер? Тіпті олар барлық күріш Ресейге экспортталды деп мәлімдеді. Биыл Ресейге 10 мың тоннадан аспайтын таза күріш пен 25 мың тоннаға жуық ұсақталған күріш (елімізде аса сұранысқа ие емес) экспортталды. Бұл күрішті олар өңдеуге және алкогольдік сусын жасауға пайдаланады. Ал кейбір «білгіштер» экспортқа мүлдем тыйым салуды ұсыныпты. Қазақстанда 1 000-нан астам шаруа күріш өсірумен айналысады. Олардың қандай бейнетпен жұмыс істейтінін біліп тұрып, еңбектерін бағаламау үлкен әділетсіздік болады. Егер өсірген күріштерін сата алмаса, олар шығынға ұшырайды. Мұның соңы елімізде нағыз күріш тапшылығына әкеп соғуы әбден мүмкін, - деп жазды Ербол Қарашөкеев.

Министр әріптестерін нарықтың жағдайына үңіліп көруге және оны түсінуге тырысуға шақырды. 

Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды

Бізде күріш мол, қоймалардағы қорымызда жылдық тұтынудан 2 есе көп күріш бар, бұл шаруалардың еңбегінің нәтижесі. Біздің нарықтың нақты қажеттілігі 97-100 мың тонна болса, қоймада 257 мың тоннадан астам күріш бар. Тапшылық болуы мүмкін емес. Қордағы бұл күріш келесі өнім жинау науқанына дейін жетеді. Сондықтан сөз соңында айтарым, дүкен сөрелерінде толып тұрған отандық өнімді сатып алыңыздар! Менің ойымша, осымен күріш тақырыбы тәмам, - деп айтты Қарашөкеев.

Тапшылық болмайды. Қарашөкеев күріш тақырыбының нүктесін қойды

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде күріш қоры жеткілікті екенін және оның зауыттағы бағасы келісі үшін 256 теңге, ал көтерме бағалар 340-390 теңге екенін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы