Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр “Қытай – Орталық Азия” индустриялық- инвестициялық ынтымақтастық форумында өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеует туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылмаған үлкен әлеует бар. Орталық Азия әлемдегі құрғақ егіншілікті дамытудың негізгі аймағы болып табылады. Өңірдің климаттық жағдайы астық, майлы дақылдар өсірумен қатар, ет және сүт өндіруде бәсекелесуге мүмкіндік береді. Дамудың басымдылығын жаңа технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деп анықтауға болады, - деп айтты Скляр.
Үкімет мүшесінің сөзінше, 10 жыл ішінде Қазақстан астық өнімдерін терең өңдейтін әлемдік өндірушілер мен жеткізушілер ондығына кіруді көздеп отыр.
Сондай-ақ қолданыстағы шектеулер толығымен алынып тасталған жағдайда, біз Қытай нарығына жоғары сапалы органикалық өнімдерді жеткізу ауқымын одан әрі ұлғайтуға ниеттіміз, - деп айтты ол.
Еске салайық, Қазақстанда қытайлық компаниялардың арқасында 50 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар Қазақстан Қытаймен инвестициялық ынтымақтастықты жаңартады.