Қазақстанда қытайлық компаниялардың арқасында 50 мың жаңа жұмыс орны ашылған

16 Маусым 2025, 10:32
510
Бөлісу:
 форум ұйымдастырушыларынан
Фото: форум ұйымдастырушыларынан

Астанада "Қытай – Орталық Азия" ІІ индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады. Форумның ашылуында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр елдер арасындағы ынтымақтастық жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форум Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараны өткізу – ертең өтетін “Орталық Азия – Қытай” екінші саммиті алдындағы аса маңызды оқиға саналады.

Қазақстанда қытайлық компаниялардың арқасында 50 мың жаңа жұмыс орны ашылған

Бүгінгі мазмұнды пікірталастар мен қол жеткізілген уағдаластықтар біздің көпжақты серіктестігімізді жаңа сапалы деңгейге шығарады, – деді Роман Скляр.

Скляр өз сөзінде Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы достық байланыстар мен жоғары деңгейдегі сенімді диалогты атап өтті. Оның айтуынша, бұл байланыстар елдер басшылары арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген.

Мемлекет басшылары арасындағы дипломатия Орталық Азия мен Қытай арасындағы серіктестіктің қозғаушы күші болып отыр, – деді ол.

Қытай бүгінде Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін ең ірі сауда және инвестициялық серіктестердің бірі саналады. 2024 жылы Орталық Азия елдерінің Қытаймен арадағы сауда айналымы 95 миллиард АҚШ долларына жеткен, оның ішінде 44 миллиард доллары – Қазақстанның үлесі. Бұл – тарихи рекорд.

Сондай-ақ Қытайдан өңірге тартылған инвестиция көлемі 40 млрд доллардан асқан. Қазіргі таңда Қытай капиталының қатысуымен Орталық Азия нарығында 10 мыңнан астам компания жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның өзінде қытайлық инвестиция қатысатын 224 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 66,4 млрд долларды құрайтын бұл жобалар шамамен 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Роман Скляр Қытаймен бірлескен трансұлттық жобалар өңірдің экономикалық өзара байланысын арттыра түсетінін атап өтті.

Бүгінгі экономикалық реформалар бізге инновация мен озық технологияны трансферттеуге, өндірісті жергіліктендіруге және жоғары қосылған құнмен кластерлер құруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Қытай инвесторлары маңызды рөл атқарады, – деді Үкімет басшысының орынбасары форумда.

Еске салсақ, 16-17 маусымда Астанада Қытай – Орталық Азия екінші саммиті өтеді. Бұл тарихи оқиға алғаш рет Орталық Азия аумағында ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышевтің айтуынша, бұл басқосу аймақ елдері үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды болмақ.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың сөзінше, "Орталық Азия – Қытай" форматы өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді.

Өзгелердің жаңалығы