Шыны зауытында қытайлықтар жұмыс істеп жатыр – Нәлібаев түсініктеме берді

7 Маусым 2023, 15:05
869
Бөлісу:
Шыны зауытында қытайлықтар жұмыс істеп жатыр – Нәлібаев түсініктеме берді
Фото: ОКҚ

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шыны зауытында қытайлықтар жұмыс істеп жатқанына байланысты халықтың алаңдаушылығына қатысты журналист сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шыны зауыты 10 жылдан бері салынды. Өткен жылы Үкіметтің қадағалауының арқасында, Үкімет қолдауымен іске қосылды. Қазіргі кезде өнімдерін шығарып жатыр. Алдында басқа инвесторлар болды, оны да жақсы білесіздер. Тарихты қайталап айтып жатпай-ақ қояйын. Одан кейін қытайлық инвесторлар келіп, ол зауытты іске қосты, - деді әкім.

Нұрлыбек Нәлібаев зауытты іске қосқаны үшін Қытай инвесторларын қолдау керек екенін алға тартты.

Зауыт іске қосылмай тұрғанда не болатын еді? Оның төңірегінде біздің қаншама жерлестеріміз жұмыс істеп жатыр. Қанша салық төлеп жатыр. Өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етіп жатыр, сыртқа сатып жатыр. Бізге тиімді болса, қолдауымыз керек деп ойлаймын, - деді ол.

Әкім зауытта барлығы 230 қытайлық жұмыс істеп жатқанын айтты.

Бізде Қытайдың қатысы бар мұнай компаниялары да бар. Олардың барлығы қарапайым қызметкерлерді жергілікті жердің азаматтарынан алып жатыр. Ал ішіндегі өңірде жоқ мамандарды рұқсатпен алып келіп жатыр. Оған түсінікпен қарауымыз керек деп ойлаймын, - дейді әкім.

Брифингте сондай-ақ «Долина смерти» деп аталған «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының құрылыс жұмыстары туралы, Қызылордадан Ақтөбеге баратын автобан қашан жөнделетінін, Қызылордадағы ыстық су мәселесі туралы хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы