Халықаралық тасымалдар жүріп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанындағы Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі аралық екі-ақ жолақты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа сұрақ қойды. Журналист «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының Қызылордадан Ақтөбеге баратын бөлігінде жол-көлік апаты көптігінен адамдар қаза тауып, жарақат алып, мал да көлік астында қалып жатқанын айтты.
Үкімет басшысы желтоқсан айында жұмыс сапарымен келгенде бұл мәселені көтердік. Кейіннен Астанада арнайы жиын өтті. Премьер-министр осы мәселе бойынша министрлікке тапсырма берді. Қазір жоба жасалып жатыр. Жоба 1-2 жыл жасалады, өйткені 500 шақырым үстіндегі жол. Оған кететін қаражаттың көлемі мамандардың айтуынша, 800 миллиард теңгеден артық, - деп жауап берді облыс әкімі.
Яғни жол құрылысы жоба аяқталған соң ғана басталады.
Біз аудандарға барған кезде Арал, Қазалы, Қармақшы осы сұрақты үнемі көтереді. Жол апаттары, өкінішке қарай, болып тұрады, - деді әкім.
Айта кетейік, бұл мәселе Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференцияда көтерілді.