Шүменов АҚШ-та жүруі мүмкін. Министр тергеу барысы туралы айтты

8 Тамыз 2023, 13:32
1129
Бөлісу:
Шүменов АҚШ-та жүруі мүмкін. Министр тергеу барысы туралы айтты
Фото: instagram.com/beibutshumenov

Үкімет кулуарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Бейбіт Шүменовтің АҚШ-та жүруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі Ахметжановтан "Бейбіт Шүменов АҚШ-та болуы мүмкін деген ақпарат бар. Шүменовті Қазақстанға қайтару мүмкіндігі бар ма? Өйткені Қазақстан мен АҚШ арасында экстрадиция туралы келісім жоқ. Сонда тергеу қалай жалғаспақ?" деп сұрады.

Бәлкім, сонда болар. Қазіргі таңда жеке ұйғарым жіберілді, қажетті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жасаған қылмыс орташа ауыр санатына жатады және барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізіледі. Біз істі әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Ол қайтып оралған жағдайда оның қатысуымен толыққанды сот тергеуі жүргізіліп, заңды процессуалдық шешім қабылданады, - деп жауап берді Ішкі істер министрі.

Еске салсақ, 2023 жылғы 18 маусымда елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде екі ер адам бала үшін сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Төбелесте бала ұстаған ер адамды соққыға жыққан белгілі боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталды.

Оқиға 18 маусымда болса да, дүйім жұртқа шілдеде белгілі болды. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев пікір білдіріп, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Кейіннен Шүменовтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында істің мән-жайын баяндап берді. Бейбіт Шүменовке қатысты сыннан кейін оның әйелі АҚШ елшілігіне жүгінген.

Бұдан бөлек зардап шеккен адам қырғызстандық болғандықтан, аталған іске қырғыз тарапы да араласқан болатын.

Салдарынан Шүменовке халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды.

1 тамызда белгілі боксшы Бейбіт Шүменовтің ісіне қатысы бар полицейлер қызметінен босатылды.

Өзгелердің жаңалығы