Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Дархан Қыдырәлі ант қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға, маған жүктелген депутаттық жоғары міндеттерді адал атқаруға ант беремін, - деді Қыдырәлі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев депутатқа “елдік мүдде жолында нәтижелі еңбек етесіз деп сенеміз” деп сенім білдірді.
Еске салсақ, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы төрт бірдей министрді қызметінен босатқан еді. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де болды.
Бір аптадан кейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Үкіметте орын алған ауыс-түйістерге қатысты пікірін айтып, мемлекеттік қызметтен бір адамдар кетіп жатса, оны трагедия ретінде қарамау керек екенін айтқан еді.
26 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалғаны белгілі болды.
Ал кеше Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаты Дархан Қыдырәліні ресми түрде тіркеді.