Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Маминге хатты сенаторлар М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н. Жүсіп, Н. Төреғалиев және Д.Нұржігітова жолдады.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Соңғы ширек ғасыр ішінде мемлекеттік тілдің демографиялық, тілтанымдық, әдістемелік, әлеуметтік-психологиялық, ақпараттық қолдау базалары жасақталған алғашқы кезеңі табысты аяқталды деп те айтуға болады, - делінген хатта.
Олардың айтуынша, осы депутаттық сауал арқылы сенаторлар ел мен ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызды саналатын мемлекеттің тіл саясатына қатысты қордаланған өзекті мәселелерге Үкіметтің назарын аудармақ.
Осы арада Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – өзге тілдердің жолын кесіп, олардың мәртебесін төмендету емес. Кезінде зорлықпен тұншықтырылған Қазақстан халқының мемлекеттік тілін бекемдеу. Әлемдегі көптеген мемлекетің біразы көп ұлттылық, көптілділіктен бізді орта жолда қалдыра да алады. Мысалы, Иран мемлекетінде Парсы ұлтының саны ел халқының 54% құрайды, қалғаны өзге ұлттардың өкілдері. Мемлекеттік тілі - парсы тілі! Малайзияда малайзиялықтар 65%, қалғандары басқа ұлттар, мемлекеттік тілі - малай тілі! Латвияда 60% латыштар, қалған 40% өзге ұлттардың өкілдері, мемлекеттік тіл -латыш тілі! Сонымен бірге, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы да Кеңес өкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертіп, өз мемлекеттік тілдеріне басымдық беріп отыр. Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғалы "Мемлекеттік тіл туралы" заңдарына үш рет өзгеріс енгізді, - дейді сенаторлар.
Депутаттардың пікірі бойынша, еліміздегі "Тіл туралы" Заңына 1997 жылы өзгертулер мен толықтырулар жасалғанымен, ол негізінен 1989 жылғы Кеңес өкіметі кезінде қабылданған қостілді қолдануды толық сақтауға қызмет етіп келеді.
Соңғы 30 жылдың ішінде мемлекеттік қызметтің барлық саласына мемлекеттік тілді белсенді түрде енгізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшіру жөнінде нақтылы тапсырмалар да берілді. Тіпті тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары да жасалды. Осыларға қарамастан, ащы да болса анығын айтар болсақ, қазақ тілі қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын, шын мәніндегі мемлекеттік тілге айнала алмады. Әлемнің көптеген елінде мемлекеттік тілді білу – сол елдің азаматтарының міндеті болып табылады. Ал Қазақстанның тіл туралы Заңында (4-бап) мемлекеттік тілді "білу", "қолдану" емес, "меңгерудің" өзі тек "парыз" деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді білу міндеттелмеген, - делінген хатта.
Осы бір жағдайды айта отырып, бір топ сенатор Мемлекеттік тілдің заңнамалық нормативтік базасын жаңартатын уақыт жеткенін алға тартады.
Тілдік заңнаманы жетілдіру, заң талаптарын күшейту арқылы сол қажеттілікті туғыза отырып, жаңадан "Мемлекеттік тіл" туралы заң қабылдау керек. Бұл Заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық жасауға дайын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында "Болашақта қазақ тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесін беру мүмкіндігін жасайтын жағдай қалыптастыру керек деген" тұжырымды пікір айтқан болатын. Сондықтан, ендігі арада Үкімет Мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі нәтижесіз бос сөзден арылып, нақтылы іске көшу керек деп есептейміз, - дейді сенаторлар.