Бекболат Тілеухан: Президент тәуекелге толы, өте маңызды мәлімдеме жасады

20 Желтоқсан 2019, 18:29
9342
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан: Президент тәуекелге толы, өте маңызды мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша асығыстық танытуға болмайды деген. Парламент Мәжілісінің депутаты, осы кеңестің мүшесі Бекболат Тілеухан осыған байланысты өз пікірін білдірді. 

Ұлттық кеңестің 6 қыркүйектегі алғашқы отырысында мемлекеттік тіл туралы жаңа заң жобасын қабылдау туралы ұсыныс айтылған болатын. Кеңес мүшесі Бекболат Тілеуханның айтуынша, президент бүгінгі екінші отырыста да мемлекеттік тілге, оның ішінде латын әліпбиіне ауысуға қатысты маңызды мәселелер көтерді.

Қатты қаралған мәселелердің бірі. Оның ішінде мемлекет басшысы Тоқаев мырзаның тілге қатысты ойын ерекше айтар едім. Өте маңызды, тәуекелге толы мәлімдеме болды деп ойлаймын. Ол латын әліпбиіне қатысты. Президент ешқашан асығыстық танытуға болмайтынын қадап айтты. Өйткені өте қауіпті. Ғалымдардың ұсыныстарына талдау жасау қажет. Сосын барып шешім қабылдау керек. Бұл жай ғана кириллицадан латын қарпіне аудара салумен шектелмейді. Президент қазақ тіліне реформа қажет екенін жеткізді. Ғалымдардың тарапынан екіұдай пікірге кетіп қалуы мүмкін. Жалпы, осы мәселеге байланысты ол кісінің пікірін қолдаймын. Неге десеңіз, тілдегі бірізділік, сондай-ақ тым көркемділік кеткен кезде қиын болып кетеді, - дейді Бекболат Тілеухан. 

Осы ретте депутат қазақ тіліне реформа қажет екенін айтып отыр. Қазақстанға бұл тұрғыдан Түркиядағы әдістерді пайдалану да артық болмайды дейді.

Бұл жерде бізбен туыстас Түркияны алатын болсақ, олар тілге реформа жасаған ғой. Сол арқылы тілді меңгерудің жеңілдік жағы қарастырылған. Шығармашылық тіл басқа, сосын кеңсе тілін қарапайым ету бір басқа. Осы үлкен мәселеге айналып тұр. Қазақтың, қоғамның белсенділігі болмаса қиын. Тілді сақтау деген тек заңмен іске аспайды ғой. Жекелеген адамды тіл үйрен деп қинай алмайсың. Оның конституциялық құқығы. Алайда бұл қадамның маңыздылығын дәл қазір жете түсіне қоймауымыз мүмкін. Іске асатын болса, қазақ тілінің көкжиегі ашылар еді. Президент жеңіл-желпі қарамау керек екенін айтып отыр. Қазақ тілі – ғылыми мәселе. Қоғам тарапынан көмек қажет. 28 жыл өтті. Сондықтан реформа қажет, - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.


Өзгелердің жаңалығы