Саясаттанушы: Халық алға қойылған реформаның тиімділігін сезінуі керек

4 Қыркүйек 2023, 12:03
798
Бөлісу:
Саясаттанушы: Халық алға қойылған реформаның тиімділігін сезінуі керек
Фото: Саясат Бейісбайдың жеке мұрағатынан

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы Саясат Бейісбай Президенттің халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – Президент басты назарды экономикаға аударды. Әрине, бұрынғы тапсырмалар да назардан тыс қалмады.

Дегенмен өткенге көз жүгіртсек, бұрынғы Жолдауда көрсетілген міндеттердің көбі орындалмай жатқанын жұртшылық айтып жүр. Осыған дейін экономикалық модель тым әлсіз болды. Салық заңдары тиісінше орындалмай келді. Жұртшылық тарапынан миллиардтаған қаржы ысырап болатыны, соған тиісті бақылаудың нашар екені жиі айтылып жатыр. Президенттің осы жолғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ендігі жерде жүктелген тапсырмаларды созбай, нақты мерзім ішінде, атап айтқанда, үш жыл ішінде орындау керектігін қадап айтты. Бұл жолы басты басымдық экономика саласына беріліп отырғаны қуантады. Ендігі жерде Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын, яғни бағытын белгілеп, соны жүзеге асыру қажет деді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұдан былай ел экономикасының жүзеге асырылуына министрлер мен әкімдер тікелей жауапты болады, – дейді саясаттанушы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында АЭС салу мәселесіне қатысты түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтты. Президент өз сөзінде атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанын алға тартты.

Елімізде электр энергиясы тапшылығын жоюдың бір көзі – атом электр станциясын салу. Алайда еліміз атом қаруынан орасан зардап шеккендіктен, бұл мәселеге жұртшылықтың алаңдаушылығы заңды. Бұл, әрине, халықты толғандыратын үлкен мәселе. Сондықтан АЭС салу мәселесі елімізде бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады. Президент бұл тұрғыда халық сенімі маңызды деп атап көрсетті. Жалпы болашақта елімізде АЭС салу мәселесі оң шешілсе, соны кімге сеніп тапсырамыз? Ресейге ме, Францияға ма, Қытайға ма, Кореяға ма, әлде Жапонияға ма деген мәселе де күн тәртібіне қойылатыны түсінікті, – дейді Саясат Бейісбай. 

Жолдауда атап көрсетілгендей, елдің экономикалық салаларын жедел жақсартып, нақты жүзеге асыру қажеттігін Мемлекет басшысы осы жолы қадап айтты. Экономиканы дамытуға жігер берген жолдаудың алға қойған міндеттерінің маңызы зор. 

Өндірісті жүйелі түрде қолға алу, тау-кен секторын, геологиялық бақылау мәселелерін жүзеге асыру да өткір қойылып отыр. Экономиканы дамытуға жігер берген Жолдаудан халықтың күтері мол. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай өңдеу салаларындағы газды үнемдеу арқылы халыққа арзан бағамен сату керектігі айтылды. Агроөнеркәсіп саласын дамыту бұрын да жиі айтылып келген мәселе. Алайда осы жолы Президент бұл мәселеге ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығын, оны жүйелі дамыту аса маңызды. Ендігі жерде шикізат шылауынан арылып, нақты нәтижеге қол жеткізу қажет. Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі. Бұдан былай осындай ауқымды байлық ел игілігіне жараса дейсің. Президент алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін 70 пайызға көбейту міндетін алға қойды. Бұл салада ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, сондай-ақ тері, жүн, ет өнімдерін өңдеу, яғни логистиканы дамыту мәселесі маңызды екені түсінікті. Жалпы алғанда, су шаруашылығы, агроөнеркәсіп, энергетика, өндіріс, тау-кен саласы, көлік инфрақұрылымы басты назар аударатын салалар болуы тиіс. Қорыта айтқанда, экономиканы әртараптандыру маңызды. Халық алға қойылған реформаның тиімділігін сезінуі керек, – деді Саясат Бейісбай.

Өзгелердің жаңалығы