Астана, BAQ.KZ тілшілері – Мақпал ОРЫНБЕК, Жансая ҚАМБАР, Назым БӨЛЕСОВА.
12:33 – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа палаталардың бірлескен отырысына қатысқаны үшін алғыс айтты. Отырыс жабық деп жарияланды.
12:32 – Мемлекет басшысы Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасын мысалға келтірді.
Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!
12:31 – Президент:
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
12:30 – Президент алға қойған биік мақсатқа жету оңай еместігін айтты. Бірақ ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.
12:29 – Президент заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатындығымызды айтты. Сонымен қатар құқық қорғау мекемелері мен аймақ басшылары қоғамдық тәртіптегі жұмысты дұрыс атқармай отырғандығын алға тартты.
Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек.
12:28 – Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың тұрақты өсімін 450 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырды.
Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
12:27 – Тоқаев:
Қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді.
12:26 – Президент 55 жастан асқан қазақстандықтарға арнайы әлеуметтік төлем төленетінін айтты.
Салалардың дамуына қосқан елеулі үлесін және денсаулыққа зиян келтіру дәрежесін ескере отырып, мұндай қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді.
Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды ұсынды.
12:26 – Мемлекет басшысының айтуынша, Президент әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына күш-жігерін жұмылдырады. Оның ішінде, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелері де қамтылған.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды.
12:25 – Президент:
Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс.
12:24 – Тоқаев реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді деп отыр. Сондықтан оның өзін өзгертуді ұсынды.
Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе.
12:23 – Мемлекет басшысы:
Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Ол сондай-ақ платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келе жатқанын, осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейтінін айтты. Алайда құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет екенін айтты.
12:22 – Мемлекет басшысы 2024 жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі айлықтың 85 000 теңгеге дейін көтерілетінін айтты.
Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек
12:21 – Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет жылдамдығының білім беру саласындағы маңыздылығына тоқталды.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді.
12:19 – Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Оның айтуынша, жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы үшін білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажетін айтты.
12:17 – Президент:
Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді.
Cондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі екендігін алға тартты.
Яғни адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс.
Айтуынша, Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану.
12:15 – Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санайды.
Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек.
12:14 – Тоқаев корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсеткенін атады. Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асқанын, сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажетін жеткізді.
Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс.
12:12 - Президент:
Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын.
12:09 – Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін атады.
«Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.
12:07 - Тоқаев:
Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет.
Осылайша, Президент құқық қорғау органдарына кәсіпкерлерді қудалауын біржолата тоқтатуды ескертті.
12:06 - «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Жұмыс 2024 жылдан басталады.
12:05 - Президент елдегі алып әуе компаниясы халықтық IPO-ға шығарылатынын айтты.
Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс.
12:04 – Тоқаев мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту керегін айтты. Сондай-ақ мемлекетке қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керегін жеткізді. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажеттігін атады.
12:02 - Президент негізгі нарықты демонополизациялауды ұсынды.
Сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет.
12:01 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударған жөн.
12:00 – Мемлекет басшысы:
Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс.
11:59 - Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс қабілетін арттыратын екі бағдарламаны біріктіруді қажеттігін айтты.
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.
11:58 - Президент орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды. Айтуынша, соңғы жылдары шағын және ірі бизнес тұрақты дамып келеді. Алайда орта кәсіпкерлік тұралап тұр.
Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы».
11:55 - Президент «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң әзірленіп жатқанын айтты. Заңда ғылым мен инновация экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде көрініс табуы қажеттігін тапсырды.
Құқықтық және қаржылық мәселелерді шешу үшін отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан жобаларға деген қызығушылықты арттыру қажет.
11:54 - Мемлекет басшысы депутаттарға цифрландыру ісіне белсенді араласуды тапсырды. Айтуынша, жасанды интеллект арқылы ішкі жалпы өнімді дамытуға болады.
Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.
11:52 – Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттырып, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет екенін жеткізді.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.
11:50 - Президент «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жол саласындағы жемқорлықтың үдеп бара жатқанын ескертті.
Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.
11:47 – Мемлекет басшысы:
Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек.
11:46 - Сонымен қатар Президент көлік-логистика саласының әлеуетін арттыруды сөз етті. Болжамға сәйкес, Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді.
Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет.
11:45 – Президент:
Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады.
Тоқаев аталған саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керегін айтты. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды.
11:43 - Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрлік құруды тапсырды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады.
Айтуынша, жаңа ведомство су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет.
11:42 - Тоқаев суды үнемдейтін озық технологияны енгізуді жылдамдатуды тапсырды.
Ол үшін 20 бөген салынады. Кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу, 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақыланады.
11:41 - Президент суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатқанын айтты.
Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр.
11:39 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек.
11:38 – Мемлекет басшысы су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін атады. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды деп айтты. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өсетіні, сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін атап өтті.
11:38 - Президент АЭС салуға қатысты ұлттық референдум өткізуді ұсынды.
Нақты мерзімі кейін анықтаймыз.
11:37 - Президент атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген мәселеге тоқталды.
Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар.
11:34 – Президент Жолдауда биыл қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болғанын да еске алды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып бергенін айтты.
Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етіп, индустрияландыру қарқынын тежейтінін атап өтті. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс екенін айтты.
11:33 - Тоқаев тариф саясатына да тоқталып өтті. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізу туралы айтты.
Баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.
11:31 - Мемлекет басшысы білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз деп отыр. Егін шаруашылығына реформа жасауды ұсынды.
Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет.
11:31 – Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұрғанын айтты.
Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажетін және бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал екенін жеткізді.
11:30 - Президент қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала деп отыр.
Айтуынша, шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Сонымен қоса заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кететіндігін ескертті.
Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз.
11:29 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет.
11:28 - Тоқаев:
Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі.
Сондай-ақ Президент құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алуды ұсынды.
11:26 – Президент агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек екенін, қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғанымызды айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
11:24 - Президент сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сөз етті. Бұл саладағы маңызды міндет – импорттық жеткізуге тәуелділікті төмендету, өндіріс циклін құру.
Біздің әскеріміз жоғары технологиялық қару және әскери техникамен, соның ішінде брондық техника, ұшқышсыз ұшатын аппараттармен, заманауи ату қаруымен қамтамасыз етілуі тиіс. Техниканы шұғыл жөндеудің өндірістік қуатын арттырып, отандық кәсіпорынды қолдауды күшейткен жөн.
11:22 – Мемлекет басышысы:
Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.
11:21 - Президенттің айтуынша, мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті.
Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.
11:20 - Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықты қорғау шараларының маңыздылығына тоқталды.
Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.
11:19 - Мемлекет басшысы еліміздің туристік әлеуетін пайдалану мәселесін де көтерді. Айтуынша, туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс.
Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс істелмей жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек.
Сондай-ақ Президент оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартуды ұсынды.
11:18 - Мемлекет басшысы сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет екенін жеткізді. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу кереггін, бұл – жыл сайын 2 триллион теңге екенін айтты.
11:17 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндігімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз.
11:16 – Президент әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдардың өзегіне айналғанын айтты. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделетінін жеткізді.
11:15 - Президенттің мәлімдеуінше, экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды.
Бұл ретте металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.
11:14 - Президент сонымен қатар экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталды. Айтуынша, қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету.
Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек
11:13 - Тоқаев:
Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс істеліп жатыр.
Сонымен қатар Президент шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артқанын атап өтті.
11:12 - Мемлекет басшысы былтырдан бері елде саяси жаңғырту жұмыстарының қолға алынғанын алға тартты.
Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті.
11:11 - Президент:
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.
11:10 - Қасым-Жомарт Тоқаев:
Нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет
11:10 - Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» жобасына да тоқталды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр.
11:09 - Сонымен қатар Мемлекет басшысы миллионға жуық адам зейнетақының бір бөлігін пайдаланудың игілігін көріп, тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болғанын айтты.
11:08 - Қасым-Жомарт Тоқаев:
Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары.
11:07 – Президент Жолдауды жыл сайын Парламент сессиясында жариялаудың мәні бар екенін айтты. Мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі үшін бұл сессия маңызды екенін айтты.
11:06 – Президент депутаттарға жазда атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Депутаттар небәрі екі айда 1200-ден астам елдімекенді аралап, сайлаушылармен кездесті.
11:05 – Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны айтылды
11:03 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Паралменттің екінші сессиясын ашты
11:01 – Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды. Бірлескен отырыс Мәжілістің ғимаратында өтіп жатыр. Отырысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашты. Палата спикері күн тәртібімен таныстырып жатыр.
11:00 – Ерлан Қошанов бірлескен отырысқа қатысушыларды тіркеуді бастады. Жиынға Сенаттан 50 депутат, Мәжілістен 97 депутат қатысып отыр.
10:59 – Президент Мәжіліске келді
10:52 – Жиын Ақорданың ресми сайтынан, сондай-ақ Aqorda әлеуметтік желілердегі парақшасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
10: 50 – Жиынға Мәжіліс және Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысып отыр.
10:48 – Парламент палаталарының бірлескен отырысынан ақпарат тарату үшін журналистер Мәжілістегі баспасөз орталығына жиналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.