Сарапшы: Лаос Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді

3 Қыркүйек 2026, 17:15
АВТОР
 спикердің жеке мұрағатынан 3 Қыркүйек 2026, 17:15
3 Қыркүйек 2026, 17:15
124
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Қазақстан мен Лаос арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруде Лаос Президенті Тхонглун Сисулиттің Астанаға алғашқы ресми сапарының маңызы зор. Келіссөздер барысында мемлекет басшылары саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ білім беру саласындағы байланыстарды дамыту мәселелеріне назар аударды. Бұл бағыттар екі ел арасындағы іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін айқындайды.

ҰТО Аймақтық талдау орталығының директоры Расул Қоспановтың айтуынша, Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланысын кеңейту сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағыттың маңызды бөлігі. Оның пікірінше, Лаостың энергетика, пайдалы қазбалар, көлік-логистика және мамандар даярлау салаларындағы әлеуеті екі ел үшін өзара тиімді әріптестік орнатуға негіз бола алады.

Сарапшы Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда көлемін арттыруда отандық өңделген өнімдерді экспорттау, көлік дәліздерін тиімді пайдалану және білім беру байланыстарын кеңейту перспективалы бағыттар екенін атап өтті. Ал алдағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге қолайлы мүмкіндік болмақ.

– Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік ресми сапармен келді. Сіздің ойыңызша, бұл сапардың екіжақты қарым-қатынастар мен Қазақстанның сыртқы саясаты үшін қандай саяси маңызы бар?

– Меніңше, Лаос Президенті Тхонглун Сисулиттің Астанаға сапары Қазақстан мен Лаос арасындағы қатынастарды дамыту тұрғысынан маңызды мәнге ие. Сапардың ресми мәртебесі лаос тарапының Қазақстанмен өзара іс-қимылды жандандыруға мүдделі екенін көрсетеді.

Екі ел арасындағы байланыстарды жаңа бағыттармен толықтыруға мүмкіндік мол. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияның Сингапур, Вьетнам, Таиланд сияқты мемлекеттерімен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Сондықтан осы өңірдегі басқа елдермен, соның ішінде Лаоспен де қарым-қатынасты кеңейту заңды. Оның үстіне, Қазақстанның ұсынар мүмкіндігі бар.

– Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастырады. Лаос Қазақстанның осы өңірдегі қатысу аясын кеңейтуінде қандай рөл атқара алады?

– Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азиядағы рөліне тоқталсақ, бұл елді кейде «өңірдің батареясы» деп атайды. Себебі энергетика – Лаостың маңызды экспорттық салаларының бірі. Елде, соның ішінде Меконг өзенінде, ірі су электр станциялары жұмыс істейді. Өндірілген электр энергиясы Таиланд, Вьетнам және басқа да мемлекеттерге экспортталады.

Сонымен қатар Лаос алтын, калий және басқа да пайдалы қазбаларға бай. Қазір бұл ресурстардың басым бөлігі өңделмеген күйінде экспортталады. Сондықтан Вьентьянға Қазақстанның тәжірибесі және, мысалы, геология мен кен орындарын игеру салаларындағы мамандарымызды тарту қызықты болуы мүмкін.

– Келіссөздердің негізгі қорытындыларының бірі – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту ниеті болды. Сіздің ойыңызша, сауда мен инвестиция көлемін арттыру үшін қай бағыттардың әлеуеті жоғары?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сауда көлемін арттырып, металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы өнімдерді жеткізуді көбейту қажеттігін айтқан болатын. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1 миллион долларды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан басым бағыттардың бірі қазақстандық өндірістің өңделген өнімдерін Лаосқа жеткізу көлемін ұлғайту болуы мүмкін.

– Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше мән берді. Қазақстан мен Лаостың Транскаспий халықаралық көлік бағыты және Лаос–Қытай теміржолы арқылы өзара іс-қимылы екі ел өнімдерінің Орталық Азия, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығуына жаңа мүмкіндіктер туғыза ала ма?

– Лаос құрлықтық орналасуын өңірлік транзиттік әлеуетін дамытуға пайдаланып келеді. Географияны өзгерту мүмкін емес, бірақ оны артықшылық ретінде пайдалануға болады. Вьентьян елді Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын буынға айналдыруға ұмтылуда. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында салынған Қытай–Лаос теміржолы. Келіссөздер барысында мемлекет басшылары Қазақстан тауарларын Қытайдың шығысындағы қазақстандық терминал орналасқан Ляньюньган порты арқылы экспорттау мүмкіндіктерін де талқылады. Бұдан кейін жүктер Қытай-Лаос теміржол желісіне қосылып, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығуы мүмкін. Кері бағытта лаостық кәсіпкерлер Қытай мен Қазақстан арқылы өтетін бағыттарды, одан әрі Орта дәлізді пайдаланып, Еуропа нарықтарына шыға алады. Бұл лаос бизнесі үшін де қызықты мүмкіндіктер туғызады.

– Лаос Президенті Қазақстанның лаостық мамандарды даярлауға қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Екі ел арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті қалыптастыруда білім беру және гуманитарлық байланыстар қаншалықты маңызды?

– Перспективалы бағыттардың бірі – білім беру саласы. Қазақстан қазірдің өзінде көптеген шетелдік студенттерді, соның ішінде Үндістан мен Пәкістаннан келген жастарды қабылдап отыр. Сондықтан Лаостан келетін студенттер санын да арттыруға мүмкіндік бар. Әсіресе еліміздің лаостық кадрларды даярлауда тарихи тәжірибесі бар екенін ескерсек, бұл бағытты кеңейтуге болады.

– Келесі жылы Қазақстан мен Лаос дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеді. Қазіргі сапар екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтерудің бастауына айналады деуге бола ма?

– Меніңше, қазіргі сапар екі ел арасындағы қатынастарға жаңа серпін бере алады. Президент Сисулит – дипломатия саласынан шыққан, Кеңес Одағында білім алған тәжірибелі саясаткер. Екі Президенттің де дипломатиялық тәжірибесін ескерсек, саяси өзара түсіністік деңгейі жоғары болады деп күтуге негіз бар. Бұл өз кезегінде екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етуі мүмкін.

Еске салсақ, Астана бүгін Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген мәртебелі мейманды қарсы алды. Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Тәуелсіздік сарайына келді.

Қазақстан мен Лаос президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаос Президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.

Қазақстан Лаосқа электронды үкімет пен GovTech саласындағы отандық шешімдерін экспорттауы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Тәуелсіздік сарайында өткен келіссөздер барысында айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лаосқа Қазақстан арқылы Еуропаға жол ұсынды. Қазақстан мен Лаос сауда, логистика, инвестиция және туризм саласындағы байланысты күшейтпек. Келіссөзде екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер сөз болды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан мен Лаос үкіметі арасында бірқатар құжатқа қол қойылды 

Наверх