Қазақстан Лаосқа цифрлық шешімдерін экспорттауы мүмкін – Мәдиев

 ©BAQ.KZ архиві 3 Қыркүйек 2026, 13:45
3 Қыркүйек 2026, 13:45
122
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстан Лаосқа электронды үкімет пен GovTech саласындағы отандық шешімдерін экспорттауы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Тәуелсіздік сарайында өткен келіссөздер барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанмен ынтымақтастықта цифрлық трансформация бағытына қызығушылық танытқан.

– Бүгін Лаостың бейінді министрлігімен цифрландыру, телекоммуникация және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз. Құжат цифрлық трансформацияны, бизнес-процестерді қайта құруды және қазақстандық GovTech шешімдерін экспорттауды қамтиды. Қазақстанда қажетті цифрлық инфрақұрылым мен тәжірибе бар. Сондықтан мұндай шешімдерді экспорттауға мүмкіндік мол. Біз тиісті келіссөздерді бастап кеттік, – деді Жаслан Мәдиев.

Вице-премьер ғарыш саласы да екі ел ынтымақтастығының перспективалы бағытына айналуы мүмкін екенін атап өтті. Қазақстан шағын ғарыш аппараттарын, соның ішінде Жерді қашықтан зондтау спутниктерін шығара алады.

– Біз халықаралық спутниктік топ құрып, оған түрлі елдерді тартып жатырмыз. Өткен жылы Жерді қашықтан зондтау спутниктерін экспорттау бойынша алғашқы келісімшарттарға қол қойдық. Жобаға қосылған әр мемлекет спутниктік топты кеңейтуге үлес қосады. Сонымен бірге ақпараттық жүйелерге, инженерлерді даярлау мүмкіндігіне және өз аумағындағы жерүсті басқару станциясына ие болады, – деді министр.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде әлемдегі үздік 25 мемлекеттің қатарына кіреді. Осыған байланысты отандық eGov жүйесінің жекелеген шешімдері Лаосқа ұсынылуы мүмкін.

Наверх