Риддердегі өрт. Сенаторлар бір күндік еңбекақыларын аударды

11 Мамыр 2021, 21:40
2249
Бөлісу:
Риддердегі өрт. Сенаторлар бір күндік еңбекақыларын аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған жойқын өрттің салдарынан ондаған үй отқа оранып, жанып кетті. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді.

Осыған орай Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін қоғамның жұдырықтай жұмылып, бірлесіп әрекет етуінің маңызы зор екенін айтты.

Бұл жағдай Президентіміздің тікелей бақылауында. Мемлекеттік органдар Риддер тұрғындарына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл өте қиын жағдай екені сөзсіз. Осындай сын-сағатта бәріміз бірлесіп, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Парламент Сенатының және жеке өз атымнан өрт салдарынан қайтыс болған азаматтың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Парламент Сенатының депутаттары бір күндік еңбекақыларын тілсіз жаудан зардап шеккендердің көмек қорына аудару жөнінде шешім қабылдады.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсету және үйсіз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр.

Еске сала кетейік, кеше Лесхоз кентінің тұрғындарынан Риддер орман шаруашылығының орталық орманшылығында шамамен 2 га алаңда құрғақ шөптің жанғаны туралы қоңырау түсті.

Сондай-ақ өрт салдарынан екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханаға жеткізілгені және бір әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.

ШҚО ТЖД қауырт желі телефоны іске қосылды. Көмекке мұқтаж барлық адам 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады.

Мемлекет басшысының Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуге қатыстып тапсырма берді.

Айта кетейік, өрт 11 мамырда таңертең сағат 7.00 шамасында сөндірілді. 

Сондай-ақ ТЖМ Риддердегі орман өртіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәліметке сәйкес бүгін Риддер қаласы маңында қалалық ауқымдағы ТЖ жарияланады.

Кейіннен ШҚО-дағы өрт бойынша күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде экология министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды.

Өзгелердің жаңалығы