Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша республикалық үгіт-насихат тобының мүшелері Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында білім саласы қызметкерлерімен кездесті.
Жиында Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ашып, бүгінгі басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндіруге және Қазақстан Халық Кеңесінің І сессиясының қорытындыларын талқылауға арналып отырғанын жеткізді.
Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда білім беру сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын дамытуға, инклюзивті білім беруді жетілдіруге және педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударғанын атап өтті. Мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, қағазбастылықтан арылту, ұстаздардың абырой-беделін қорғау және білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты міндттер белгіленіп отырғанына тоқталды. Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі айрықша маңызды екенін де айта кетті.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарға, оның ішінде білім саласының алдында тұрған міндеттерге тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ұстаз мәртебесін көтеру мәселесіне айырықша тоқталды. Бұл – тұтас қоғам алдындағы міндет. Ал екінші мәселе – ұстаздар жүктемесін азайту. Бүгінде білім беру саласындағы цифрлық платформалардың көбеюі жүктемені арттырып жіберді. Сондықтан кей мәселерді қайта зерделеу қажет. Бүгінде ерекше балаларға білім беруді тек мектепке міндеттеп қойдық. Бұл дұрыс емес. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау мекемелері де қолұшын беруі қажет. Сондай-ақ мұғалімдердің жеке деректеріне де баса назар аударуымыз керек, – деді білім беру саласындағы өзекті мәселелерді зерделеген Ләззат Әуесханқызы.
Келесі сөз кезегі Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, танымал журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Нұртөре Жүсіпке берілді.
Мемлекет басшысы қашанда білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Әрине бүгін білім беруде цифрлық технология мен жасанды интеллектіге басымдық беріле бастады. Бірақ бұл үрдістің кемшіліктері болуы мүмкін. Өйткені қазіргі жас ұрпақ жасанды интеллектіге тым иек артып кетсе сыни ойлау мен дербес шешім қабылдаудан қалуы мүмкін. Сондықтан ұстаздар арманына адал, елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуі керек. Президент бұған дейінгі Жолдауларында да ұрпақ тәрбиесі ел болашағы үшін маңызды екенін сан мәрте айтқан болатын. Өйткені адам капиталыннан асқан байлық жоқ, – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов сөз алып, Президент Жолдауында ел экономикасына серпін беретін, қаржы нарығын реттейтін бастамаларға, сонымен қоса инвестиция тартуды үйлестіру мәселесіне баса назар аударылғанын атап өтті. Ал «Халықтық құрылыс» бастамасында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға көңіл бөлініп, осы бағытта жаңа мектептер мен балабақшалар салынатынына, бұл өз кезегінде үшауысымды мектептер санын азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Кездесуде ұстаздар қауымы үгіт-насихат тобының мүшелеріне инклюзивті білім, мектептерді күрделі жөндеуге қатысты сұрақтар қойып, ашық пікір алмасты.