ТЖМ Риддердегі орман өртіне қатысты ресми мәлімдеме жасады

11 Мамыр 2021, 11:25
1612
Бөлісу:
ТЖМ Риддердегі орман өртіне қатысты ресми мәлімдеме жасады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли министрліктер үйі алдында ШҚО-дағы орман өртіне қатысты ресми ақпарат берді.

10 мамырда сағат 13:30-да Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қураған ағаштың жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 13:31-де өрт орнына Риддер қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші ауысымы жіберілді.

Сағат 16:08-де Лесхоз кентінің Орман шаруашылығы аумағында Сосновый бор және Лихачев көшелерінде тұрғын үйлер жанып жатқаны туралы хабарлама Орман шаруашылығы мекемесінен келіп түсті, - деді Талғат Уәли.
Өрт 5 көшені шарпыды (Б.Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев, Жуковский). Аталған көшелерде 59 тұрғын үй болған, оның ішінде 37 тұрғын үй өртенген (9 шаруашылық құрылыс).

Зардап шеккен тұрғындар ішінен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды.

Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті, - деді ол.

Ақпаратқа сәйкес, өрт болған жерден 1948 жылы туған әйелдің мәйіті табылды.

Алдын ала берілген ақпарат бойынша мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастырып жатыр.

Қазивиаорманкүзетінің Ми-8 тікұшағымен өртті биіктіктен сөндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгін сағат 07.00-де елді мекен аумағындағы өрт сөндірілді. Орман өрті периметрінің шетінде ашық жану жоқ. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдерін сөндіру жүргізіліп жатыр.

Сағат 07:30-де барлау жүргізу және өрт алаңын нақтылау үшін Қазивиаорманкүзетінің тікұшағымен ұшу жүзеге асырылды, оның қорытындысы бойынша өрт алаңы - 283 гектар болып нақтыланды, - деп ТЖМ өкілі атап өтті. 

Оның сөзінше, өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың, ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының 493 жеке құрамы, 69 бірлік техника және 2 тікұшағы жұмылдырылды.

Күштер мен құралдарды бірыңғай басқаруды ұйымдастыру үшін өрт орнында құрамында орман қорғау мекемесі, ТЖД және Риддер қаласы әкімдігі өкілдері бар өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды. 

Сонымен қатар ТЖМ және ТЖД дағдарыс орталықтарында жедел штабтар құрылды. Вице-министр Марат Күлдіков бастаған ТЖМ жедел тобы өрт орнында жұмыс жүргізіп жатыр, - деді ол.
Еске сала кетейік, кеше Лесхоз кентінің тұрғындарынан Риддер орман шаруашылығының орталық орманшылығында шамамен 2 га алаңда құрғақ шөптің жанғаны туралы қоңырау түсті.

Сондай-ақ өрт салдарынан екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханаға жеткізілгені және бір әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.

ШҚО ТЖД қауырт желі телефоны іске қосылды. Көмекке мұқтаж барлық адамдар 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады.

Мемлекет басшысының Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуге қатыстып тапсырма берді.

Айта кетейік, өрт 11 мамырда таңертең сағат 7.00 шамасында сөндірілді. 

Айта кетейік, ШҚО ТЖД 8(7232) 55-38-19 жедел байланыс желісі жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы