Ташкентте Қазақстаннан барған балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қазақстандықтар таңғы ас ішкен қонақүйде бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін тағам үлгілері алынды. Қазіргі уақытта пациенттердің жағдайы тұрақты әрі қанағаттанарлық деп бағалануда.

 Өзбекстан балалар омбудсменінің баспасөз қызметі 3 Қараша 2026, 18:30
3 Қараша 2026, 18:30
195
Фото: Өзбекстан балалар омбудсменінің баспасөз қызметі

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы астан кейін Қазақстан азаматтары, оның ішінде 10-нан астам бала улану белгілерімен ауруханаға түскен еді.Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәлімет бойынша, 1 қарашада футбол жарысына қатысу үшін Қазақстаннан келген 20 бала мен олардың жақындары Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкен. Олар шала қуырылған жумыртқа мен шұжық (сосиска) жеген.

Сол күні 13 адамда құсу, диарея, іштің ауруы және дене температурасының көтерілуі сияқты симптомдар пайда болған. Олар республикалық  эпидемиология, микробиология, инфекциялық және паразиттік аурулар мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығына жеткізілді.

Онда зардап шеккендерге қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін № 5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға ауыстырылды. 2–3 қарашада осы медициналық мекемеге ұқсас белгілермен тағы 7 адам түскен.

Тексеру нәтижесі бойынша ауруханаға жатқызылған 20 бала мен олардың жақындарының барлығына «өткір диарея» алдын ала диагнозы қойылды.

3 қарашадағы жағдай бойынша медициналық мекемеде 18 пациент, оның ішінде 12 бала мен 6 ересек адам қалып отыр. Олардың барлығы стационарлық ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты деп бағалануда.

Өзбекстан балалар омбудсменінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Санитариялық-эпидемиологиялық комитеттің қызметкерлері бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін Чиланзар ауданындағы қонақүйдің асханасынан тамақ өнімдерінің үлгілері мен шайындыларды алды.

Балалар омбудсмені Қазақстандағы әріптесі Динара Закиевамен жедел байланыста екені атап өтті. Тараптар балалардың жаппай  улануына байланысты бірлесіп тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Аталған факті бойынша Чиланзар ауданының прокуратурасы ӨзР ҚК 276-13-бабының 1-бөлігі (Санитариялық заңнаманы немесе эпидемияға қарсы күрес ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ташкентте Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысып жатқан Қазақстанның 15 жас футболшысы ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді. Балалардың жағдайы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған.

Сондай-ақ, ҚР ДСМ Өзбекстанда уланып қалған қазақстандық балалардың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. 

 

Наверх