Құрылтай депутаттарының төсбелгісі алтыннан жасалмайды – Нұрлан Әбдіров

21 Тамыз 2026, 16:43
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 21 Тамыз 2026, 16:43
21 Тамыз 2026, 16:43
40
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Құрылтай депутаттарының төсбелгісі бұрынғы Парламент депутаттарының төсбелгісінен өзгеше болады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров BAQ.KZ тілшісінің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

Оның айтуынша, Құрылтай туралы Конституциялық заңда Парламент туралы айтылмайды, тек Құрылтайға қатысты нормалар қамтылған. Сондықтан төсбелгідегі жазуды да өзгерту қажеттігі туындаған.

Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, бұл мәселе Мемлекет басшысымен кездесулердің бірінде де талқыланған. Президент Сенатта жұмыс істеген тәжірибесін ескере отырып, төсбелгіні дайындауда бағалы металдарды пайдаланбауды және оның көлемін мүмкіндігінше кішірейтуді ұсынған.

Мемлекет басшысымен кездесулердің бірінде осы мәселе туралы әңгіме болды. Оның Парламент Сенатында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Сол кезде Президент бағалы металдарды пайдаланудан бас тартып, мүмкіндігінше төсбелгінің көлемін кішірейтуді ұсынды, – деді Нұрлан Әбдіров.

Осыдан кейін мәселе Орталық сайлау комиссиясында бірнеше рет егжей-тегжейлі талқыланған. Жұмысқа Ұлттық банктің Қазақстан теңге сарайының мамандары да тартылған.

Мамандар жаңа төсбелгіні жезден жасауды ұсынған. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, мемлекеттік наградалардың басым көпшілігін дайындау кезінде де осы металл қолданылады.

Біз бұл мәселені комиссияда бірнеше рет талқыладық. Теңге сарайының мамандары төсбелгіні жезден жасауды ұсынды. Мемлекеттік наградалардың басым көпшілігі де осы металдан дайындалады. Сондықтан жезге тоқтадық, – деді ол.

Жаңа төсбелгінің жалпы дизайны мен түс гаммасы бұрынғы үлгімен сабақтастықты сақтайды. Алайда оның көлемі кішірейтіледі.

Нұрлан Әбдіровтің пікірінше, жаңа белгі ықшам әрі тағуға ыңғайлы болады.

Айта кетейік, Қазақстан өңірлерінде сайлауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жұмыстары жүргізілді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік Сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға түсіруге тыйым салынатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов сайлау науқаны басталғалы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда сайлау заңнамасын бұзудың 21 фактісі анықталғанын айтты. 

Наверх