Сайлау күні дауыс беруге қатысты бірқатар шектеулер қолданылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады. Бұл талап сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген.
Бұл ретте сайлаушылардың сайлау учаскесінде суретке түсу құқығына шектеу қойылмайды. Егер сайлаушының кімге немесе қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, дауыс беру жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде суретке түсуге болады, – деді Ләззат Сүйіндік.
Оның сөзінше, дауыс беру күніне дейін орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын да өшіру міндетті емес. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға жол берілмейді.
Сонымен қатар қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін, сайлауға қатысты болжамдарды, кандидаттар мен саяси партияларды қолдау жөніндегі мәліметтерді дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда жариялауға болмайды.
Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе сайлау пунктінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Ал сайлау учаскесінен тыс жерде экзит-полл сауалдарын Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады, – деді ол.
Дауыс беру күні сайлау учаскесінде саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, БАҚ өкілдері, байқаушылар, сондай-ақ аккредиттелген халықаралық және шетелдік байқаушылар бола алады.
БАҚ өкілдері қызметтік куәлігі мен редакция тапсырмасы болған жағдайда жұмыс істей алады. Әр бұқаралық ақпарат құралынан бір өкіл, ал әр телеарнадан үш адамнан аспайтын өкіл қатыса алады.
Байқаушыларға дауыс беруге арналған жәшіктерді, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кіретін және шығатын жерлерді бақылауға мүмкіндік берілуі тиіс.
Сайлау учаскесінде болған барлық адам белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті. Ал сайлау процесіне қатысы жоқ адамдардың дауыс беру күні учаскеде болуына тыйым салынады.
Еске салсақ, Қазақстан өңірлерінде сайлауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жұмыстары жүргізілді.