Ресейде оба тарап жатқаны рас па?

Роспотребнадзор өңірде оба таралу қаупі жоқ екенін мәлімдеді.

 istockphoto.com 4 Қазан 2026, 20:19
4 Қазан 2026, 20:19
168
Фото: istockphoto.com

Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде үлкен дүрбелең туғызды. Обаның таралуы және карантин енгізілгені туралы қауесетке Роспотребнадзор түсініктеме беруге мәжбүр болды.

Ведомствоның мәліметінше, өңір тұрғындарына оба қаупі төніп тұрған жоқ.

Оба туралы қауесет қайдан шықты

Бір күн бұрын «Люди Байкала» басылымы 28 жастағы институт қызметкері Дарья Шипилованың 2 қазанға қараған түні Шелехов қалалық ауруханасында қайтыс болғанын хабарлады. Басылым журналист Павел Степанов пен Mash Telegram-арнасының нұсқасын келтірген. Оған сәйкес, 25 қыркүйекте әйел зертханада оба қоздырғышы бар сынауықты сындырып алған. Алайда бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ.

4 қазанда «Люди Байкала» Иркутскідегі №1, №3 және №10 қалалық клиникалық ауруханаларда, Ивано-Матренинск балалар ауруханасында және кем дегенде бір перзентханада үш апталық карантин енгізілгенін де хабарлады. Журналистердің мәліметінше, науқастарға баруға тыйым салынған, бірақ заттар мен азық-түлік әкелуге рұқсат берілген.

Басылымның дереккөздері мұндай шектеулерді обаға күдікпен байланыстырады. Алайда олардың айтуынша, ауруханаларға келіп түскен құжаттарда мұндай диагноз көрсетілмеген. Журналистер барлық медициналық мекемеде карантин енгізілгенін растай алмаған.

Роспотребнадзор не деді

Интерфакс агенттігінің мәліметінше, 4 қазанда ведомство әйелге себебі анықталмаған пневмония диагнозы қойылғанын хабарлады. Кеңейтілген зерттеулер оның биоматериалынан кәсіби қызметіне байланысты микроорганизмдерді анықтаған жоқ.

Иркутск облысындағы, Иркутск және Шелехов қалаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, – деді Роспотребнадзордың баспасөз қызметі.

Соңғы он күнде басқа қызметкерлер арасында жұқпалы ауруларға байланысты медициналық көмекке жүгіну тіркелмеген.

Науқаспен байланыста болған адамдар стационарда медициналық бақылауға алынды. Олардың арасынан COVID-19 жұқтырған екі жағдай және риновирус инфекциясының екі жағдайы анықталды. Басқа жұқпалы аурулардың қоздырғыштары табылмаған, деп жазады «Ведомости» Роспотребнадзорға сілтеме жасап.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы аясындағы баспасөз мәслихатында жаңа пандемияның басталуы сөзсіз екенін, мәселе тек уақытқа байланысты екенін айтқан еді.

Наверх