Қазақстанның конкурдан ұлттық құрамасы Аичи–Нагоя-2026 Азия ойындарындағы жарысты аяқтады. Олег Соколенко Cinderella атты тұлпарымен жекелей финалда 14-орынға ие болып, құрлықтық додадағы ең мықты жиырма спортшының қатарына енді.
Бұл – бір ғана маршрут пен қорытынды хаттама нәтижесі емес. Бұл көрсеткіштің артында Қазақстанның Азия ойындарындағы конкурға 20 жылдан кейін қайта оралу жолы тұр.
Соңғы рет еліміз спорттың бұл түрі бойынша Азиадада 2006 жылы өнер көрсеткен болатын. Сондықтан ұлттық құраманы құрлықтағы басты спорт додасына қайта қатыстыру туралы шешім – жай ғана формалды өтінім беру емес, Қазақстанның конкурдағы халықаралық орнын қайта қалыптастыруға және жаңа ұлттық құраманы жасақтауға бағытталған маңызды қадам болды.
Ал мұндай әр қадамның артында көрермен байқай бермейтін орасан зор күнделікті еңбек жатыр.
Азиадаға дайындық оқу-жаттығу жиындарын, халықаралық жарыстарға қатысу, спортшылар мен жаттықтырушылардың жұмысы, спорттық аттарды дайындау мен күтіп-бағу, ветеринариялық қызмет, логистика, экипировка мен қажетті құрал-жабдықтарды қамтыды. Көп жағдайда кадр сыртында қалатын дүниелер де маңызды болды: сапарларды ұйымдастыру мен қажетті құжаттарды рәсімдеуден бастап, спортшылардың жарыс формасын сатып алуға дейінгі жұмыстар атқарылды.
Конкур – өзіндік ерекшелігі бар спорт түрі. Мұнда сайысқа спортшы ғана емес, оның аты да шығады. Бірнеше минутқа созылатын маршруттың артында айлар бойғы жаттығу, жануарға күнделікті күтім, ветеринарлардың, ат күтушілердің, жаттықтырушылардың, мамандардың және спорттық жұптың жарысқа дайындығын қамтамасыз ететін тұтас команданың еңбегі тұрады.
Сондықтан Қазақстанның жиырма жылдан кейін Азиадаға қайта оралуы – спортшылар мен жаттықтырушылардың, мамандар мен ұйымдастырушылардың, мемлекеттік құрылымдар мен серіктестердің ортақ еңбегінің нәтижесі. Олардың әрқайсысы ұлттық құраманың қайтадан осы деңгейге шығуы үшін күн сайын өз үлесін қосты.
Олег Соколенконың 14-орны – бүгінгі нәтиже. Бірақ бұл қайта оралумен басталған жолдың шегі емес.
Азиада командаға келесі кезең үшін ең маңызды дүниелердің бірін – халықаралық тәжірибе берді. Спортшылар өз деңгейін Азияның мықты өкілдерімен салыстырып, алдағы уақытта қай бағыттарға басымдық беру керектігін нақтырақ түсінді. Ал жұмыс қазірдің өзінде жалғасып жатыр.
28 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада FEI World Cup Eurasian League аясындағы халықаралық турнир өтеді. Азиададан кейін ұлттық құрама бірден келесі стартқа дайындыққа кіріседі. Алда жаңа жаттығулар, аттармен жұмыс, техникалық және тактикалық дайындық және Қазақстанды халықаралық аренада өз еліндегі жарыста танытудың жаңа мүмкіндігі тұр.
Ат спортының дамуы үшін осындай деңгейдегі жарыстардың Қазақстанда өтуінің маңызы ерекше. Бұл отандық спортшыларға шетелге шықпай-ақ халықаралық тәжірибе жинауға, мықты шабандоздармен бір алаңда бәсекеге түсуге және өз деңгейін біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Азиадаға қайта оралуы – ортақ еңбек пен қолдаудың нәтижесі. Осы ретте ҚР Туризм және спорт министрлігіне, Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, Спортты қолдау қорына, «Prestige Horse Club» және «Дарнис» ат спорты клубтарына, жаттықтырушыларға, мамандарға, ветеринар дәрігерлерге, ат күтушілерге, ұйымдастырушыларға, серіктестерге және команданың дайындығына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Әрине, спортшыларымызға айтылатын алғыс бөлек. Күнделікті еңбегі, тәртібі, жауапкершілігі және көкейде елдің көк туы тұрған сәтте жарыс алаңына шығуға деген дайындығы үшін ризашылығымыз зор.
Сонымен, 20 жылдан кейін Қазақстан қайтадан Азиадаға қатысып, ТОП-20 қатарына енді. 14-орын – құрлықтық доданың нәтижесі. Бұл нәтиженің артында күн сайын қазақстандық ат спортын күшейтуге еңбек етіп жүрген үлкен команда тұр.
Ал келесі старт жақын. Астана. 28 қазан – 1 қараша. FEI World Cup Eurasian League. Жұмыс тоқтамайды.