Өңірлер сайлауға дайын: Учаскелер жабдықталып, бюллетеньдер күзетке алынды

21 Тамыз 2026, 15:58
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 21 Тамыз 2026, 15:58
21 Тамыз 2026, 15:58
124
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан өңірлерінде сайлауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алматы қаласында 607 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 604-інде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Сайлаушыларға 1 млн 274 мыңнан астам шақыру қағазы таратылып, қала бойынша 35 мың ақпараттық плакат дайындалған. Бүгінде 524 есептен шығару куәлігі берілген.

Абай облысында 464 сайлау учаскесі бар. Өңірдегі 419 учаскеде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдай жасалған. Сайлаушыларға 402 408 шақыру қағазы таратылып, көпқабатты үйлерге 7 100 ақпараттық плакат ілінген. Сонымен қатар 299 есептен шығару куәлігі берілген.

Ақтөбе облысында да сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірде 58 019 шақыру қағазы таратылып, 805 ақпараттық плакат әзірленген. Сайлаушылардың өтініштері бойынша 531 есептен шығару куәлігі берілді.

Атырау облысында сайлау учаскелері қолданыстағы талаптарға сәйкестендірілген. Оның ішінде 265 учаскеде мүгедектігі бар азаматтарға қажетті жағдай жасалған. Өңірде 840-қа жуық ақпараттық материал әзірленіп, 972 есептен шығару куәлігі берілген.

Батыс Қазақстан облысындағы 468 сайлау учаскесінің барлығы дауыс беруге дайын. Барлық учаскеде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай қарастырылған. Сайлаушыларға 425 мыңнан астам шақыру қағазы таратылып, 724 ақпараттық плакат орналастырылған.

Жамбыл облысында 520 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелер қажетті ақпараттық материалдармен, трафареттермен, кеңсе және шаруашылық тауарларымен қамтамасыз етілген. Өңірде 730 830 шақыру қағазы таратылып, 17 786 ақпараттық плакат орналастырылған. 500-ге жуық есептен шығару куәлігі берілген.

Жетісу облысында сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны туралы алдын ала хабарланған. Осы мақсатта 437 мыңнан астам шақыру қағазы таратылып, сайлау учаскелерінің мекенжайы мен телефон нөмірлері көрсетілген 15 200 ақпараттық плакат көпқабатты тұрғын үйлерге орналастырылған.

Қарағанды облысында 639 сайлау учаскесі бар. Учаскелерде дауыс беру тәртібі туралы нұсқаулықтар, нашар көретін азаматтарға арналған аудиоматериалдар мен арнайы трафареттер дайындалған. Сайлаушыларға дауыс беру орны мен уақыты туралы ақпарат берілген.

Қостанай облысында 716 сайлау учаскесі құрылған. Олардың барлығы материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген. Сайлаушыларға ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары, аумақтық комиссияның интернет-ресурстары және ақпараттық плакаттар арқылы жеткізілген. Бүгінде 302 есептен шығару куәлігі берілген.

Қызылорда облысында сайлау учаскелері қажетті техникамен және құралдармен толық жабдықталған. Өңірдегі 359 учаскеде қозғалысы шектеулі азаматтарға арнайы жағдай жасалған. Нашар көретін сайлаушылар үшін аудиоматериалдар, брошюралар және Орталық сайлау комиссиясынан жеткізілген 375 арнайы трафарет таратылған.

Маңғыстау облысында 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 255-інде мүгедектігі бар азаматтарға қажетті жағдай жасалған. Өңірде 45 775 шақыру қағазы таратылып, 11 017 ақпараттық плакат ілінген. Сонымен қатар 264 есептен шығару куәлігі берілген.

Павлодар облысында 522 сайлау учаскесі дауыс беруге дайын. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен және мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бүгінде 722 есептен шығару куәлігі беріліп, бюллетеньдер ішкі істер органдарының тәулік бойғы күзетіне алынған.

Түркістан облысында да сайлау учаскелері қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жасырын дауыс беруге арналған кабиналар, ұйымдастыру техникасы, электр генераторлары және басқа да қажетті құралдар әзірленген. Мүгедектігі бар және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған арнайы жағдай қарастырылған.

Ұлытау облысында сайлау учаскелері материалдық-техникалық және ұйымдастыру құралдарымен қамтамасыз етілген. Бүгінге дейін сайлаушылардың өтініштері бойынша 78 есептен шығару куәлігі берілген. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік комиссияларға жеткізіліп, ішкі істер органдарының күзетіне алынған.

Шығыс Қазақстан облысында 534 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар және нашар көретін азаматтарға жағдай жасалған. Көпқабатты тұрғын үйлерге 15 765 ақпараттық плакат орналастырылып, 257 есептен шығару куәлігі берілген.

Осылайша, өңірлердегі сайлау комиссиялары дауыс беруді ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, Қазақстан бойынша барлығы 7 570 семинар өткізіліп, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесі оқытумен қамтылған.

Наверх