АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресті жазғы уақыт режимін жыл бойына тұрақты бекітуге шақырды. Заң жобасын қолдауға қол жеткізу үшін ол республикашыл сенатор Том Коттонның жеке ұялы телефон нөмірін жариялап, Арканзас тұрғындарын саясаткерге өздері қоңырау шалуға үндеді, деп хабарлайды Associated Press.
Sunshine Protection Act заң жобасы шілде айында Өкілдер палатасынан өткен, алайда Сенаттағы республикашылдардың бір бөлігінің қарсылығына тап болды. Трамп Коттонды құжаттың өтуіне кедергі келтіріп отыр деп айыптады.
Мен жақсы көретін және үш рет жеңіске жеткен Арканзас штатының барлық тұрғыны Томға: осыны жаса деп айтыңыздар! Соңғы сайлауда мен 34 пайыздық басымдықпен жеңіске жеттім, – деп жазды ол.
AP тілшілері жарияланған нөмірге қоңырау шалғанымен, ешкім жауап бермеген. Ал дауыстық пошта жәшігі толып тұрған.
Қазір АҚШ штаттарының басым бөлігінде көктемде сағат тілі бір сағат алға жылжытылып, күзде стандартты уақытқа қайтарылады. Егер жазғы уақыт тұрақты енгізілсе, кешке күн ұзақ жарық болады. Алайда қыста күн бір сағат кейін шығатын болады.
Коттон өзінің қарсылығын дәл осы себеппен түсіндірді. Сенатор АҚШ-та бұған дейін де тұрақты жазғы уақыт енгізілгенін, бірақ қыс мезгілінде күннің кеш шығуына байланысты кейін одан бас тартылғанын еске салды.
Арканзас тұрғындары балаларының қараңғы түнекте мектепке барғанын қаламайды. Мен әрдайым Арканзастың мүддесін бірінші орынға қоямын, – деді ол.
Бұған жауап ретінде Трамп сағатты ауыстыру адамдарға артық әурешілік туғызатынын айтып шағымданды. Сондай-ақ кештің ерте түсуі гольф пен теннис ойнауға бөлінетін уақытты қысқартатынын атап өтті. Оның пікірінше, тұрақты жазғы уақыт адамдарға жұмыстан күн батқаннан кейін үйге сирек қайтуға мүмкіндік береді.
AP–NORC-тың 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 12%-ы сағатты жылына екі рет ауыстыруды қолдаған, 47%-ы қарсы болған, ал 40%-ы бұл мәселеге бейтарап қараған. 2022 жылы Сенат тұрақты жазғы уақытқа көшуді мақұлдаған болатын. Алайда заң жобасы Өкілдер палатасынан өте алмады.