Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі өзіне қол жұмсамақ болған студентке қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, студент жедел жәрдемді өзі шақырған.
Медициналық құпия мен заң талаптарына байланысты аурухана тарапынан бізге науқастың жағдайы туралы толық мәлімет берілген жоқ. Біз студенттің ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазір білім алушының жағдайы бірқалыпты. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр, - делінген редакцияға берген жауапта.
Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қыздың өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тараған болатын. Полиция бұл дерекке қатысты түсініктеме берді.
Ал бұған дейін 16 қарашада ҚазҰУ-да тағы да қайғылы жағдай болды. Оқу орнының бірінші курс студенті қаза тапты.
Оқиғаға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, 8 қарашада бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі университеттің География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғанын растаған еді.
Артынша ҚазҰУ-дағы студенттердің қазасына байланысты бірқатар басшы қызметінен босатылды.