10 мың тас пен 4,5 метрлік алтын қанат: «Әлем аруына» қатысатын Алина Ридің киімі таныстырылды

19 Қараша 2026, 16:14
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 19 Қараша 2026, 16:14
19 Қараша 2026, 16:14
146
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан атынан «Әлем аруы – 2026» халықаралық байқауына қатысатын Алина Ридің ұлттық киімінің жаңа қырлары таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерекше образды әзірлеуге дизайнерлер тобы жарты жылға жуық уақыт жұмсаған. Киім толығымен қолмен жасалып, ұлттық нақыш пен заманауи сән үлгісін үйлестірген.

Ұлттық киім авторларының айтуынша, бұл образды әзірлеу барысында әрбір бөлшектің мағынасына ерекше мән берілген. Топ оны жоғары сән мен өнердің үйлесімі ретінде сипаттайды.

Ұлттық киімнің қандай ерекшелігі бар?

Костюм қауырсындармен безендірілген. Олар ертегідегі құстардың қанатына ұқсайды. Алтын түсті кестелер Қазақстанның байлығы мен молшылығын бейнелейді.

Киімге 10 мыңнан астам асыл тас қолмен тігілген. Бұдан бөлек, оның басты ерекшелігі – механикалық жолмен ашылатын алтын қанаттары бар. Қанаттардың ұзындығы 4,5 метрге жетеді.

Киім авторлары қауырсындарды Қазақстанның күш-қуаты мен тәуелсіздігінің символы ретінде таңдаған. Ал аспан түстес көгілдір реңк елдің бейбіт өмірі мен бақ-берекесін білдіреді.

Көйлектің етегі бес метрге созылады

Киімнің ұзын етегі алтын түсті кестелермен көмкерілген. Әр қозғалыс кезінде матаның өрнектері құбылып, ерекше әсер береді. Етегінің ұзындығы бес метрге жетеді.

Алинаның бас киімі де назар аудартады. Алтын тәж-күмбез үлгісінде жасалған әшекей тазалықты, өмір мен қуаттың, молшылықтың бастауы саналатын күнді бейнелейді.

Көйлектің жеңдері алтын түсті бисер жіптерімен безендірілген. Олар қозғалыс кезінде жарқырап, киімге ерекше сән береді.

Сонымен қатар осы образдың тұжырымдамасына сай онға жуық қолөнер әшекейлер жиынтығы арнайы дайындалған. Дизайнерлер тобы Алина Ридің алдағы халықаралық байқаудағы өнерін асыға күтіп, қазақстандықтарды оған қолдау көрсетуге шақырды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от @sv_muse

Наверх