- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Үш елдің шешіміне жай ғана қосыла салғымыз келмеді»: Дипломат ТМД құрылуы туралы пікір білдірді
«Үш елдің шешіміне жай ғана қосыла салғымыз келмеді»: Дипломат ТМД құрылуы туралы пікір білдірді
19 Қараша 2026, 13:36
Қазақстандық мемлекет қайраткері, дипломат Тілеухан Қабдрахманов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына дейінгі дайындық жұмыстары мен сол кезеңдегі күрделі экономикалық жағдайды еске алды. Оның айтуынша, Кеңес Одағы ыдырар алдында одақтас республикалар орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшу мәселесін талқылаған. Ал ТМД құру туралы шешім қабылданған кезде Орталық Азия мемлекеттері жаңа бірлестікке өз құқықтары мен мүдделері ескерілген жағдайда ғана қосылуды көздеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
КСРО ыдырағанға дейін нарықтық экономикаға көшуге дайындық басталды
Тілеухан Қабдрахмановтың айтуынша, Алматы декларациясын қабылдауға дейін одақтас республикалар арасында бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілген. Ол кезде Қабдрахманов Қазақстанның Жоспарлау комитеті мен Қаржы министрлігі жүйесінде қызмет атқарған. Бұл екі мекемеде 1988 жылдан 1991 жылға дейін жұмыс істеген.
Оның сөзінше, сол кезеңде одақтас республикалардың өкілдері Мәскеуге жиналып, ортақ келісімдер мен болашақ экономикалық қатынастардың тәртібін талқылаған. Соның ішінде одақтық шарт жасасу мәселесі де көтерілген. Әр республика өз ұсыныстары мен ұстанымдарын әзірлеуі керек болған.
Ол кезде ТМД деген ұғым болған жоқ. Оның қалай құрылатынын, қандай сипатта болатынын ешкім нақты білмеді. Кейін қабылданған шешімді мен өте дұрыс әрі батыл қадам деп есептеймін. Бірақ оған дейінгі дайындық пен одақтас республикалардың бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі жағдайда өтті, - дейді дипломат «Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршіліктің 35 жылы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында.
Оның айтуынша, Кеңес Одағы кезінде экономика нарықтық қағидаттармен жұмыс істемеді. Кәсіпорындарға барлық тапсырма орталықтан, яғни Мәскеуден берілетін. Олар белгіленген жоспардан өз бетінше шыға алмайтын. Өндіріс көлемі, өнімді қайда жеткізу керектігі және оның бағасы орталықтан бекітілетін.
Сол кезеңде Кеңес үкіметі нарықтық экономикаға көшу мүмкіндігін де қарастыра бастаған. Экономикалық реформаларды әзірлеуге академик Абел Аганбегян және экономист Леонид Абалкин секілді мамандар қатысқан. Үкімет деңгейінде жоспарлы жүйеден нарықтық экономикаға өтудің жолдары талқыланды.
Қазақстандық мамандар Францияда нарықтық экономиканы үйренген
Тілеухан Қабдрахмановтың айтуынша, 1989 жылы одақтас республикалардың мамандары нарықтық экономиканың тетіктерін зерттеу үшін Францияға жіберілген. Олардың қатарында өзі де болған.
Мамандардың алдында нарықтық экономиканың жұмыс істеу тәртібін үйреніп, оны Кеңес Одағы республикаларының жағдайына қалай енгізуге болатынын зерделеу міндеті тұрған.
1989 жылы академик Абалкин одақтас республикалардан мамандар жинады. Солардың қатарында мен де болдым. Бізді Францияға оқуға жіберді. Ондағы мақсат - нарықтық экономикаға көшудің тәжірибесін үйрену, реформаның қалай жүргізілетінін түсіну және оны өз республикаларымызда қалай жүзеге асыруға болатынын зерттеу еді. Біз барып, оқып келдік, - дейді ол.
Дипломаттың айтуынша, бұл жұмыстар 1990 жылы да жалғасқан. Сол жылдың қыркүйек айының басында Мәскеудегі Кремльде экономист Григорий Явлинский әзірлеген «500 күн» бағдарламасы қаралған. Бұл бағдарлама жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге қысқа мерзімде көшуге бағытталған еді. Қабдрахманов осы талқылауға да қатысқан.
Оның сөзінше, қазіргі жастар Кеңес Одағының соңғы жылдарындағы экономикалық жағдайдың қаншалықты қиын болғанын толық біле бермеуі мүмкін. Ол кезде кәсіпорындар мен салалар арасындағы өндірістік байланыстар үзіле бастаған. Бір кәсіпорын екіншісіне қажетті өнімді жеткізуі керек болғанымен, олардың өзара жұмысын үйлестіру қиындай түскен.
Дүкендерде азық-түлік тапшы болды
Қабдрахмановтың айтуынша, жоспарлы экономика жағдайында кәсіпорындар өздері өндірген тауардың бағасын өз бетінше белгілей алмайтын. Барлық баға орталықтан бекітілетін. Өндірілген өнімнің көлемі мен оны басқа кәсіпорындарға жеткізу тәртібі де алдын ала белгіленетін.
Кейін кәсіпорындарға біртіндеп еркіндік беріліп, шаруашылық есеп жүйесі енгізіле бастады. Алайда бұл өзгерістер бұрынғы экономикалық байланыстардың бұзылуына әсер етті.
Мәселен, орталықтан берілген тапсырма бойынша бір кәсіпорын белгілі бір көлемде тауар өндіріп, оны басқа республикадағы немесе өңірдегі кәсіпорынға жеткізуге міндетті болған. Бірақ нарықтық қатынастарға көшу кезінде кәсіпорындар бұрынғы міндеттемелерден бас тартуға тырысты. Себебі бекітілген бағамен өнім өндіру мен жеткізу олардың экономикалық мүддесіне сай келмейтін.
Кәсіпорындар бұрынғы тапсырмаларды орындаудан бас тартқысы келді. Өйткені оның пайдасы аз болды. Соның салдарынан бір кәсіпорынның екіншісімен жұмысы үйлеспей, өндірістік байланыстар бұзыла бастады. Бұл үлкен қиындық туғызды, - дейді дипломат.
Оның айтуынша, экономикалық байланыстардың үзілуі күнделікті тұрмысқа да әсер етті. Дүкен сөрелерінде қажетті тауарлар мен азық-түлік тапшы болды. Бұл халықтың жағдайын одан әрі қиындатты.
Қабдрахманов сол кезеңдегі экономикалық ахуалды еске ала отырып, КСРО ыдырауы қарсаңында одақтас республикалардың өте күрделі жағдайда болғанын атап өтті.
Орталық Азия елдері ТМД-ға қандай талап қойды?
Дипломат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруға қатысты келіссөздердің де оңай өтпегенін айтады. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь басшысы Станислав Шушкевич Беловеж орманындағы Вискулиде бас қосып, Кеңес Одағының өмір сүруін тоқтату және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойды.
Осы шешімнен кейін басқа одақтас республикалар арасында да жаңа бірлестікке қалай қосылу керектігі туралы мәселе көтеріле бастады.
Үш мемлекеттің басшысы осындай шешім қабылдағаннан кейін басқа республикаларда да сұрақ туындады. Енді біз не істейміз? Егер солардың артынан барып қосыла салсақ, онда біз жай ғана қосылған тарап болып қаламыз. Мұндай жағдайда біздің құқықтарымыз төмен болуы мүмкін деген мәселе көтерілді, - дейді Тілеухан Қабдрахманов.
Осыған байланысты 1991 жылғы 13 желтоқсанда Орталық Азияның бес мемлекеті - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары Ашхабадта бас қосты.
Кездесуде мемлекеттердің болашақ достастыққа қатысу тәртібі, олардың құқықтары мен мүдделері талқыланды. Орталық Азия елдері жаңа бірлестікке қандай жағдайда мүше болатынын өзара келісуге тырысты.
Қабдрахмановтың айтуынша, бес мемлекет жаңа ұйымға жай ғана қосыла салмай, тәуелсіз елдер ретінде, өз құқықтары мен мүдделері ескерілген жағдайда кіруді көздеген.
Біз бұл мәселелердің барлығын талқыладық. ТМД-ға тәуелсіз мемлекеттер ретінде кіруіміз керек, әрқайсымыздың құқығымыз ескерілуі тиіс деген ұстаным болды. Осы мәселелер бойынша келісімге келгеннен кейін келесі кезеңге өттік, - дейді ол.
8 желтоқсаннан 21 желтоқсанға дейін келіссөздер жалғасты
Дипломаттың айтуынша, 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Беловеж келісімінен кейін 21 желтоқсанда Алматы декларациясына қол қойылғанға дейінгі аралықта қызу келіссөздер жүрген.
Осы кезеңде республикалар арасында бірқатар талап, ұсыныс және өзара пікір қайшылығы болған. Әр мемлекет өзінің мүддесін қорғауға тырысқан. Сонымен бірге бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы қарым-қатынасты қалай жалғастыру керектігі де талқыланған.
8 желтоқсаннан 13 желтоқсанға дейін, одан кейін 21 желтоқсанға дейінгі аралықта өте қарқынды жұмыс жүрді. Бір-біріне қоятын талаптар да, айтылатын өкпе-реніштер де болды. Осының барлығы талқыланып, ақыры 21 желтоқсандағы кездесуге алып келді, - дейді Тілеухан Қабдрахманов.
Оның пікірінше, Беловеж келісіміне қол қойған үш мемлекеттің басшылары ұсынған шешім батыл әрі болашақты болжай білген қадам болды.
Менің ойымша, үш елдің басшылары ойластырып ұсынған және қол қойған шарттар өте батыл шешім болды. Оның үстіне, бұл қадамда көрегендік те бар деп есептеймін, - деп түйіндеді дипломат.
Ең оқылған:
- Чип тапшылығы Қытайды америкалық AI технологияларын пайдалануға итермеледі
- Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты
- Жөнделмеген жол үшін 45 млн теңге аударған: Прокуратура мен ҰҚК шенеуніктерді тексеріп жатыр
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады
- Өзбекстанда сотталғандарға жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі
Сымбат Сатыбалдина