Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізілген оқу-жаттығу барысында екі біріккен аралас рота құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екі апта бойы қатысушылар күрделі, бейтаныс жерде ұрыс қимылдарының әртүрлі элементтерін пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында инженерлік-саперлік даярлық бойынша сабақтар өтті. Онда әскери қызметшілер қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардың, тұзақтардың және басқа да жарылғыш заттардың үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, қабылдаушы тарап патрульдеуді ұйымдастыру бойынша демонстрациялық сабақ ұйымдастырды.
Нақты табиғи және климаттық жағдайларда бағдарлау және өмір сүру ережелеріне ерекше назар аударылды. Ал негізгі кезең барысында әскери қызметшілер Джунгли жағдайында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындады. Фал бойынша тікұшақтан қонғаннан кейін жауынгерлер қару-жарақпен жұмыс істеді.
Сонымен қатар, оқу-жаттығу шеңберінде салмағы 10 келілік қару-жарақпен және құрал-жабдықтармен 6 шақырым қашықтықты еңсеру бойынша төзімділік жарыстары ұйымдастырылды. Мәреге бірінші болып Гвардейск гарнизоны танкистер құрамасының взвод сержанты Алдияр Мұхамадиев келді.
Қазақстандық тарап өкілдері атап өткендей, "КазИнд-2022" бірлескен оқу-жаттығуына қатысу әскери қызметшілерге Үндістаннан келген әріптестерінің жауынгерлік даярлық әдістемесімен танысуға, өздерінің жауынгерлік дағдыларын арттыруға және мүлдем бейтаныс жерлерде кәсіби шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Айта кету керек, «КазИнд» қазақстандық-үнділік оқу-жаттығуы төртінші рет өтті. Мұндай оқу-жаттығу алғаш рет 2018 жылы Жамбыл облысының «Мәтібұлақ» полигонында өткен болатын. Одан кейін 2019 жылы Үндістанның Уттаракханд штатында, ал 2021 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша-бибі» полигонында бірлескен маневрлер өткізілді.