Қазақстанда қызылшадан көз жұмған адам жоқ – Ажар Ғиният

29 Қараша 2023, 16:12
893
Бөлісу:
Қазақстанда қызылшадан көз жұмған адам жоқ – Ажар Ғиният
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдері министрден Алматыдағы университеттердің бірінің жатақханаларында қызылшадан екі студент көз жұмғаны туралы ақпарат тарағанын айтып, мұның қаншалықты рас екенін сұрады.

Елімізде бүгінгі күні қызылша ауруынан көз жұмған адам жоқ. Медициналық қызметкерлер түсіп жатқан науқастарға дер кезінде көмек көрсетіп жатыр. Жабық оқу орындарында жұмыс істейтін немесе жатақханаларда тұратын студенттер не болмаса адам көп тоғысқан жерде болған балалар бұрын вакцина алмағандықтан, ешқандай иммунитеті жоқ болғандықтан ауырып жатыр. 1-2 бала үшін карантин болмайды, - дейді министр.

Ғинияттың сөзінше, ауырған балалар оқшауланады. Егер олардың жағдайы ауыр болса, онда ауруханаға жатқызылады. Ауыр болмаса, үйде оқшаулау әдістері қолданылады.

Министрліктің дерегінше, бүгінгі таңда қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қызылшамен ауырған балалардың саны екі мыңнан асып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы