2026 жылдың басынан бері Қазақстанда көкжөтелмен ауыру 10%-ға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда жыл басынан бері көкжөтелмен сырқаттанушылық 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 10%-ға төмендеді. Барлығы 250 ауру жағдайы тіркелді. Оң динамикаға балаларды жоспарлы және қосымша вакцинациялау да ықпал етуде. Бұл ретте науқастардың 91%-ы – бес жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар. Бұл деректер, әсіресе көкжөтел ауыр түрде өтуі мүмкін сәбилер үшін вакцинациялауды уақтылы жүргізудің қаншалықты маңызды екенін тағы да көрсетеді, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың жеті айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациялауды 361 мыңнан астам бала алды. Оның ішінде бір жасқа дейінгі 102 мың бала, бір жастағы 91,5 мың бала және алты жастағы 167,5 мың бала бар. Вакцинациялаудан кейін қолайсыз реакциялар тіркелген жоқ. Бұл қолданылатын вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігін тағы бір мәрте растайды.
Сонымен қатар елде түрлі себептермен белгіленген мерзімде вакцина алмаған адамдарды толықтыра иммундау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім қосымша вакцинацияланды.
Мамандар вакцинациялау көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді тәсілі болып қала беретінін және ең алдымен ерте шақтағы балаларды аурудың ауыр түрінен қорғауға мүмкіндік беретінін айтады.
Иммундаумен қамтуды арттыру бойынша жұмыс еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. Медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ата-аналардың арасында Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесін сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Вакцинациялауды уақтылы жүргізу көкжөтелдің таралуының алдын алудың және балалардың денсаулығын қорғаудың негізгі құралы болып қала береді, - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз күйінде қалып отырғаны хабарланды.
Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында санитарлық дәрігерлер профилактикалық шараларды, оның ішінде егу мәртебесін тексеруді және екпе алмаған балаларды вакцинациялауды күшейтіп жатқаны айтылды.
Тағы оқи отырыңыз:
Ата-аналар назарына: 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады
«Аутизмді емдейміз»: Денсаулық сақтау министрлігі желідегі жарнамаға қатысты пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың дұрыс тамақтануының маңызын айтты