Астанада саяхатшы Бүрлен Әділетқызының жоғалған велосипедіне қатысты оқиға күтпеген жайтпен аяқталды. Велосипедтің ұрланғаны туралы эмоционалды видеодан кейін полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп, оны ешкім ұрламағанын анықтады. Ол қыздың құрбысының үйінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Саяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипеді ұрланғаны туралы ақпаратқа қатысты полиция түсініктеме берді. Полиция департаментіне аталған мүліктің ұрланғаны жөнінде ешқандай арыз түспеген.
Велосипедтің ұрланғаны туралы бейнематериал жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде оның орналасқан жерін анықтады. Тексеру барысында ұрлық фактісінің болмағаны анықталды: велосипед оның иесінің құрбысында қалдырылған. Полиция департаменті жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы Аружан Бектасова.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап үлгерді. Журналист Бердібек Қабай оның жарияланымынан кейін елордалық полиция қызметкерлері хабарласып, велосипедті іздестіре бастағанын хабарлаған болатын.
Бір тәулікке жетпейтін уақыт ішінде ол велосипедтің табылғанын жазды.
Бүрлен Әділетқызының өзі бұл кезде Қытайда болған.
Саяхатшы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген және Қазақстан бойынша велосапарларымен танымал. Ол сәуір айында ел бойынша кезекті саяхатын бастаған еді.
2024 жылы Бүрлен Үрімжіден Астанаға дейін велосипедпен 26 күнде жүріп өткен. Сол сапардан кейін ол өзін велосипедін Тұңғыш Президент Мұражайының қорына табыстаған болатын.
Бұл жолы жоғалу оқиғасы мүлдем басқаша аяқталды. Тексеруден кейін полиция ұрлық дерегі болмағанын мәлімдеді.
Полиция департаменті қасақана жалған мәліметтер таратқаны үшін Қазақстан заңнамасы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын бөлек еске салды.