Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны қамауға алуға санкция берді. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында ІІМ-нің әскери-тергеу бөлінісі қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, - деп жауап берген BAQ.KZ сауалына ІІМ баспасөз қызметі.
Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Айта кетейік, Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметін Қанат Ниязбеков атқарған. Өткен сенбіде ол және қорғаныс министрінің екі орынбасары қызметтерінен босатылды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
24 қыркүйекте Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасына байланысты күдікке ілінген тұлғалар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Каспийдегі әскери қызметшілерді іздеу операциясы күшейтілді: Ондаған кеме мен әуе кемесі жұмылдырылды
Қазақстан тарихындағы қаралы күндер хроникасы