Қазақстан басқа мемлекеттерге гуманитарлық көмекті тек қаржы мен тауар түрінде ғана емес, сондай-ақ құтқару және медициналық жасақтарды жіберу арқылы да көрсете алады. Сыртқы істер министрлігі BAQ.KZ редакциясына мұндай шешім қабылдау үшін қандай шарттар қажет екенін және көмек көрсету туралы өтінішті кім беруі тиіс екенін түсіндірді.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, Қазақстан басқа мемлекеттерге гуманитарлық көмекті қаржылай, материалдық және өзге де нысандарда көрсете алады. Жағдайға байланысты шетелге құтқару және медициналық жасақтарды жіберу де қарастырылуы мүмкін.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, гуманитарлық көмек көрсету мәселесі ұлттық заңнамаға және белгіленген рәсімдерге сәйкес қаралады.
Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы №743 қаулысымен бекітілген Гуманитарлық көмек көрсету қағидаларының 5-тармағына сәйкес, мәселені қарауға шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның өтініші, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негіз болады.
Демек, басқа мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның тиісті өтініші мәселені қарау рәсімін бастау үшін қажетті шарттардың бірі саналады.
Қазақстан қандай көмек көрсете алады?
Қолданыстағы қағидаларда гуманитарлық көмектің бірнеше түрі қарастырылған. Ол қаржылай немесе тауар түрінде, сондай-ақ қызмет көрсету арқылы берілуі мүмкін.
Атап айтқанда, Қазақстан шетелге құтқару және медициналық жасақтарды жібере алады. Көрсетілетін көмектің нақты түрі қалыптасқан жағдай мен зардап шеккен тараптың қажеттіліктеріне байланысты айқындалады.
Бұл ретте көмек көрсету туралы шешім ұлттық заңнама талаптары мен белгіленген тәртіп ескеріле отырып қабылданады.
Қазақстан халықаралық тетіктер аясында қаржылай немесе материалдық көмек көрсету мәселесін қарастыра алады. Алайда оны көрсету ұлттық заңнама мен белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Қазақстан халықаралық ұйымдар арқылы көмек көрсете ала ма?
Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында қаржылай немесе материалдық көмек көрсету мүмкіндігі де қарастырылуы мүмкін.
Бұл жағдайда да көмек көрсету Қазақстан заңнамасы мен қолданыстағы рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылуы керек.
Осылайша, халықаралық ұйымдар да Қазақстанның гуманитарлық қолдау көрсету мәселесі қаралатын арналардың бірі бола алады.
Қандай дипломатиялық арналар пайдаланылады?
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасындағы дипломатиялық арналар тиісті мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатынын да хабарлады.
Атап айтқанда, Қазақстан Непалмен қарым-қатынас шеңберінде аккредиттеуді Қазақстан Республикасының Нью-Делидегі елшілігі арқылы жүзеге асырады. Ал Непал Қазақстандағы дипломатиялық аккредиттеуін Мәскеу арқылы жүргізеді.
Ведомствоның мәліметінше, қажет болған жағдайда гуманитарлық көмек көрсету мәселелері белгіленген ресми арналар арқылы қаралады.
Осылайша, басқа мемлекетке гуманитарлық көмек көрсету автоматты түрде жүзеге асырылмайды. Мәселені қарау үшін заңнамада көзделген негіздер болуы қажет. Одан кейін көрсетілетін көмектің ықтимал түрі мен көлемі айқындалады.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, мұндай көмек қаржы қаражатын, тауарларды, сондай-ақ мамандарды, соның ішінде құтқару және медициналық жасақтарды жіберуді қамтуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін BAQ.KZ Непалда болған табиғи апаттан кейін Қазақстан құтқарушыларын жіберу туралы шешім қабылданбағанын хабарлаған еді. Төтенше жағдайлар министрлігі Непалдың құзырлы органдарынан қазақстандық құтқарушыларды жіберу жөнінде ресми өтініш түспегенін мәлімдеген болатын.
Соңғы мәлімет бойынша, Непал мен Қытай шекарасындағы апат болған аймақта болуы мүмкін деген үш Қазақстан азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге олардың орналасқан жері туралы жаңа ақпарат түскен жоқ.